Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Қашпақ болған бірнеше адам мина басып мерт болды": Сириядан келген әйел сұмдық жайтты айтып берді

Қашпақ болған бірнеше адам мина басып мерт болды. Біразын снайперлер атып тастады. "Жусан" операциясы кезінде Сириядан елге жеткізілген отандастарымыз соғыс ошағында жүріп, көрген қорлықтарымен бөлісті. Содырлар ересектерді былай қойғанда, балаларға да қару кезенген екен. Абақтыға да қамаған. 

Сурет: "Еуразия бірінші арнасы"/скриншот

Соғыс ошағынан келген бала  түрлі-түсті сурет салуға болатынын білмейтіндей көрінеді. "Жусан" операциясы шеңберінде елге оралған 156 баланың барлығына ортақ жайт. Бүлдіршіндер үйді де, даланы да тек қара түсті қарандашпен бедерлеген. Психологтар мұны терең депрессияның белгісі дейді, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

"Алғаш келгенде балалар ұшақты көріп, қашатын. Үстел-орындықтың астына тығылып отыратын. Кей балалардың ақыл-есінде кемістігі бары анықталды. Оған аналарының жүктілігі адам төзгісіз жағдайда өткені себеп. Олар дәрігердің көмегінсіз қараңғы жертөледе босанғандарын айтқан еді", - дейді ҰҚК академиясының психологы Лола Шакимова.

Оңалту орталығындағы психологтың мұндай байлам жасауына не түрткі болғаны оралған әйелдердің сөзінен кейін аңғарылады. Шам жеріне аяқ басқан адам елге қайту туралы ұмытуы шарт. Болмаса, оққа ұшасың.

«Қашсаң атып өлтіреміз», - деді. Бастапқыда қашуға қорықтым. Себебі барлық жерге мина қойылған еді. Қашып кетпек болған бірнеше адам минаны басып мерт болды. Көбісін атып тастады», - дейді Сириядан жеткізілген келіншек.

Оқ тек әйелдерге ғана емес, балаларға да атылған секілді. Өйткені елге қайтқан кішкентай отандастарымыз ойыннан емес, қарудан жараланғаны белгілі болды.

"Сегіз-тоғыз жастағы балалардың диагнозы – оқ жарақаты. Осындай жарақатпен жатқан балалар бар", - дейді Мұнайлы аудандық емханасының дәрігері  Альбина Айтпағамбетова. 

Кейін қайтқысы келетіндер үшін түрме де болған сияқты. Асыр салып ойнаудың орнына бүлдіршіндер темір тордың ар жағын көрумен жүрген екен. 

"Касра дейтін жерге апарды. Ол түрме. Сол жақта 12 күн отырдық. Содан кейін бізді холға жіберді. Сол холда 4 ай отырдық. Шамамен 5 ай болды міне. Сол жақта отырғанда бізге қазақтар келіп, депортациялайтынын айтты», - дейді Сириядан келгендердің бірі. 

Бағынбағаны абақты, еркіндіктегісі атылған оқ пен бомбаны көрген, сөздеріне сенсек. Тозақтан шығатын жол болмайды дегендердің енді үміті пайда болды.

«Ұшаққа отырған сәтте жылай бастадым. Жан-жағымдағылар «неге жылайсың?» деп сұрады. Қуанғанның әсері екенін айттым. Балаларым үшін қуандым. Енді емін-еркін ойнайды. Ұйықтауға жатқанда ертең оянамыз ба, жоқ па білмейтінбіз. Ол қорқыныш енді артта қалады деп ойлаймын", - дейді Сириядан жеткізілген келіншек.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр