Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қашаған дауы: Мұнай алпауыттары 4,6 миллиард доллар айыппұл үшін Қазақстанмен соттасқалы жатыр

ҚашағанФото: DigitalGlobe/Getty Images

Қазақстандағы ең ірі мұнай жобаларының бірі Қашаған төңірегіндегі дау халықаралық деңгейге шықты. Консорциум 4,6 милиард долларлық экологиялық айыппұлға байланысты Астанаға қарсы халықаралық арбитражға жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, компаниялар айыппұлға қатысты шешімді даулауға мәжбүр болған, себебі 2025 жылдың желтоқсанында Астанадағы сот Қашаған кәсіпорнының осы айыппұл бойынша берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған. Shell өкілінің айтуынша, компаниялар бұл мәселені алдымен елорда сотында даулап көрген, сондай-ақ оны келіссөз арқылы шешуге де тырысқан, алайда нәтиже болмаған.

Айта кетейік, экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылдың наурызында NCOC компаниясына қарсы табиғатты қорғау заңнамасын бұзды деген негізбен шамамен 2,3 триллион теңге көлемінде (сол кездегі бағам бойынша 5,1 миллиард доллар, 2025 жылғы тамыз басындағы бағаммен шамамен 4,2 миллиард доллар) айыппұл өндіру туралы талап арыз берген. Министрлік дерегінше, компания нысанда рұқсат етілген мөлшерден екі еседен көп күкірт сақтаған.

Ал NCOC өндіріс пен күкіртті сақтау жұмыстары Қазақстан заңнамасының талаптарына, сондай-ақ қолданыстағы стандарттар мен озық тәжірибелерге толық сәйкес жүргізіліп отырғанын мәлімдеген.

Осыған байланысты компания айыппұлды сот тәртібімен даулауға кірісті. 2025 жылдың наурызында арбитраждық сот консорциум қатысушыларының пайдасына шешім шығарып, іс толық қаралып біткенге дейін Қазақстан айыппұлды өндіріп алмауы тиіс деп таныды. Кейін шілде айында Жоғарғы сот Қашаған операторы NCOC-тың Атырау облыстық экология департаментіне қарсы ісі бойынша қаулы шығарып, 2,3 триллион теңгелік экологиялық айыппұлға қатысты істі жаңа құрамдағы апелляциялық сотта қайта қарауға жібергені белгілі болды. Қайта қарау нәтижесінде оператор істі ұтып шықты.

NCOC консорциумы Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі алып Қашаған мұнай-газ кен орнында өндіру жұмыстарын жүргізеді. Өндіру 1997 жылы қол қойылған өнімді бөлу туралы келісім негізінде жүзеге асырылады. 5 ақпанда Bloomberg агенттігі Shell компаниясы сот процестері аяқталғанға дейін Қазақстандағы инвестицияларын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағанын хабарлаған.

Қашаған операторының консорциум құрамына KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. кіреді.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстан үкіметі Қарашығанақ ісінде шенеуніктердің пара алғанын арбитражда растағанын жазған едік. Стокгольмдегі құпия шешім бойынша ел даулы шығындардың бір бөлігі бойынша жеңіске жетіп, 2-4 миллиард долларды қайтаруды көздеп отыр. Іс Назарбаев кезеңіндегі сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысты және соңғы шешім жыл соңында жарияланбақ.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 11:48