Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы министрлігінің лауазымды қызметкерлері кәсіпкерлерден 68 миллион теңге бопсалаған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерлерден 68 миллион теңге бопсалады деген күдікпен қаржы министрлігінің лауазымды қызметкерлерін ұстаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, арнайы операция барысында Алматы және Астана қалаларында ауыр жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қаржы министрлігі басқармаларының басшылары ұсталған. 

“Олар кәсіпорынға толық сомаға азайтылуға тиіс 570 миллион теңге мөлшерінде салықты негізсіз қосымша есептеу туралы қызметтік ақпаратқа қол жеткізе отырып, делдал арқылы осы фирманың өкіліне жүгініп, одан ақшалай сыйақы талап етті деген күдікке ілінді. Алдағы уақытта аталған мәселені шешу сылтауымен 68 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат алу үстінде Қаржы министрлігінің лауазымды адамдары мен делдал әшкереленген”, – деді ол.

Қазір соттың санкциясымен күдіктілер электронды бақылау құралдарын қолдана отырып, "үй қамағына" алынған. Ведомствоның басқа лауазымды адамдарының қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр екен. 

Еске салайық, бұған дейін Антикор ArtSport жобасындағы дау туралы айтып, 746 миллион теңгенің жымқырылғанын мәлімдеген еді. 

Талқылау