Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаржы министрлігі экономикаға қаржы құйып жатыр, бірақ сіздер оны тежеп отырсыздар": Депутат Ұлттық банк төрағасына шүйлікті

Бақытжан БазарбекФото: facebook.com/bbazarbek

Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен базалық мөлшерлеменің көтерілуі неге баға өсімін тежемей отырғанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат базалық мөлшерлеменің тиімділігі және үкімет пен Ұлттық банк арасындағы макроэкономикалық саясаттың үйлесімділігі мәселесін көтерді.

"Базалық мөлшерлемені желтоқсанда 15,25 пайызға, ал 2025 жылдың наурызында 16,5 пайызға дейін көтергенге қарамастан, инфляция тұрақты түрде төмендеген жоқ. Жыл басында ол 8,6 пайыз болса, 2025 жылдың наурызында 10 пайызға жетті. Бұл мөлшерлеменің экономикаға әсері әлсіз екенін көрсетеді – не жоғары инфляциялық күтулерге немесе реттеушіге деген сенімнің төмендігіне және өзге құралдардың тиімсіздігіне байланысты", – деді депутат.

Оның айтуынша, инфляция бюджеттегі параметрлерден тұрақты түрде жоғары болған жағдайда, әлеуметтік шығындардың құнсыздануына, қарызды өтеу шығындарының артуына және тапшылықтың ұлғаюына алып келеді.

"Өткен жылы Ұлттық банк жоғары бюджет қаражаттары – Қазақстан даму банкі, "Самұрық-Қазына" және бюджет трансферттері арқылы қалыптасқан артық өтімділікті белсенді түрде стерилизациялады. Қаржы министрлігі экономикаға қаржы құйып жатқанымен, Ұлттық банк оны тежеуде. Бәлкім, инфляция қабылданып жатқан шараларға сондықтан сезімтал болмай қалған шығар? Қазіргі базалық мөлшерлеме деңгейінің немесе жалпы қолданылып жатқан құралдардың тиімділігіне өзіңіз қандай баға бересіз? Ұлттық банк пен үкіметтің іс-әрекеттері қаншалықты үйлестірілген? Ақша-несие және бюджеттік саясаттың үйлесімді түрде жұмыс істеуі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?" – деп сұрады мәжілісмен.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов көтерілген мәселелер өзекті екенін мойындап, реттеуші бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Біз экономикалық өсіммен қатар инфляцияны ең маңызды макроэкономикалық көрсеткіш деп санаймыз, өйткені ол әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайына және жалпы экономикалық циклге әсер етеді. Инфляцияның жоғары әрі тұрақсыз жағдайында, бизнес аз инвестиция салып, жоғары сыйақы талап етеді. Сондықтан инфляциямен жұмыс – біздің басты міндетіміз. Бұл жұмысты біз үкіметпен бірлесіп жүргізіп жатырмыз", – деді ол.

Инфляцияға әсер ететін факторлар туралы айта келе, Сүлейменов базалық мөлшерлеменің кредит пен депозит деңгейіне ықпал ететінін атап өтті.

"Базалық мөлшерлеме қаржы құралының айтарлықтай жоғары трансляциясын көрсетіп отыр. Ол корпоративтік кредиттер мен депозиттер деңгейіне жақсы әсер етеді. Мөшлерлеменің өзгеруі біраз кідіріс арқылы корпоативтік несиелендіру мен депозит мөлшерлемелеріне ықпал етеді", – деді ол.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы проинфляциялық әсерге де тоқталды:

"Өткен және биылғы жылы бюджетті қаржыландыру қиын болғандықтан, Ұлттық қор қаражатын пайдалануға тура келді. Біз оларды қайтардық – өткен жылы шамамен 6 триллион теңге, биыл – 5,3 триллион теңге. Бұл ақша массасын ұлғайтады. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша ақша массасының өсімі 18 пайыз болды, ал номиналды ЖІӨ өсімі – 13 пайыз. Бұл айырмашылық проинфляциялық ықпал етеді", – деді Сүлейменов.

Ол Ресейдегі инфляцияның да әсері бар екенін айтты, өйткені бұл ел – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі.

"Біз азық-түліктің 45 пайызын Ресейден импорттаймыз. Онда инфляция 10 пайыздан жоғары, рубльдің бағамы күшейді, сәйкесінше импорт біз үшін қымбаттай түсті", – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, тауар көлемін арттыруға жағдай жасау қажет."Біз ел ішінде тауар өндіру циклын жеделдету үшін бюрократиялық және реттеу кедергілерін жоюымыз керек", – деп қосты ол.

Сондай-ақ ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инфляцияны тежеу бойынша кешенді шаралар әзірленіп жатқанын жеткізді. Базалық құжат дайын, жақын арада үкіметте талқыланады.

Аида Тақабаева
Жұма, 27 Маусым, 2025 16:08
Талқылау