Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарумен мақтанғым келді": Әскерде оққа ұшқан Марат Барқұловтың өліміне қатысты күдікті сот алдында жауап берді

Астанадағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық әскери сотында 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында күдікті деп танылған бұрынғы взвод командирі Дамир Досов жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марат

Дамир Досов Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтын аяқтаған. Бұдан кейін әскери қызметке кірісіп, 25744 бөлімінде қызмет еткен. 

Өз сөзінде Дамир Досов оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып, Марат Барқұловты қасақана өлтірмегенін, жағдайдың абайсызда болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ тапаншада оқ барын білмеген екен. 

“Майор Майлиевтің (Бағдат Майлиев – ред.) оқ салғанын көрген жоқпын. Оқ барын білмедім. Сондықтан қасақана өлтірді деген айыппен келіспеймін. Марат Барқұловпен және басқа да сарбаздармен жақсы қарым-қатынаста болғанмын. Марқұмның ата-анасынан кешірім сұраймын. Істің мән жайына келсек, 19 тамызға дейін жас офицерлердің жиыны болды. Мен 2 қыркүйектен 3-не дейін 24 сағат, 4 және 5 қыркүйекте 12 сағаттық кезекшілікке түстім. Бұған дейін кезекшілікті қарусыз өткізгенмін. 7 қыркүйек таңертең жеке құрам ұйқыдан тұрды. Қару туралы ештеңе айтылмаған. Майлиевпен бірге қару-жарақ қоймасына бардық, оның есігі ашық тұрды. Есікте ескі кезекші, іште Мақсұтов болды. Тапанша салатын кобураны Мақсұтов берді”, – дейді ол. 

Досовтың айтуынша, бұдан кейін Майлиев тапаншаны беріп, екеуі бірге тексерген. Сосын Майлиев тапаншаны өз қолымен кобураға салған екен.

“Бірақ ол қарумен ойнама деп ескерткен жоқ. Сыртқа шығып, кезекшілер демалатын шатырға келгенде Балтабаев төсекте жатты. Мен одан не үшін жатқанын сұрадым. Балтабаев орнынан тұрып, үстелге отырды. Мен журнал толтырып шатырдан шығып кеттім. Кейін екінші шатырға кірдім. Ішке енген соң оларға “Не істеп отырсыңдар, шықпайсыңдар ма?” дедім. Қол астымдағы сарбаздар болған соң олар маған жымия қарап, бір минут уақыт сұрады. Мақтанғым келіп тапаншаны шығарып, төмен түсіріп оқтадым. Оң және солға сермеп тұрғанда шүріппе басылып кетті. Оқ атылған соң аң-таң болып, 4-5 секунд тұрып қалдым. Атылады деп күтпедім. Есімді жиғанда Марат жерде жатты, жақындағанда бетіндегі қанды көрдім. Сасқанымнан “Барқұлов саған не болды?” деп қанды тоқтатпақ болдым”, – деді Досов.

Күдіктінің сөзінше, оқиға болған соң бір сарбазды дәрі дәрмек әкелуге жіберген. Кейін шатырға басшылық құрам келген.

“Шатырға майор Майлиев, подполковник Трудник келді. Подполковник Майлиевке менен тапаншаны алып ал деп бұйырды. Басқа әскерилер плащ, палатка әкеліп, баланы көлікке салып жібердік. Бала қайтыс болып кетпесін деп жылап отырдым. Сосын телефонды шығарып, анама осы хабарды жеткіздім. Осы әрекетім адам өліміне әкелгеніне өкінемін. Марқұмның ата-анасынан шын жүректен кешірім сұраймын”, – дейді Досов. 

Күдікті бұған дейін Макаров тапаншасын тек бір рет, институттың 5-курсын оқып жүргенде ұстағанын айтады. Екінші рет 2024 жылдың 7 қыркүйегінде қолына алған. 

“Әскери қызметке келгелі Макаров тапаншасымен атуды үйретпеді. Жас офицерлер жиынында тек АК-74 автоматымен ғана аттық. 6 қыркүйекте майор Майлиев 7 күні кезекшілікке түсетінімді айтты. Кезекшілікке қарумен түсетінімді алдын ала айтпады, қару алатын бөлмеге барғанда ғана білдім”, – деп қосты ол.

Сот отырысында жауап беру кезінде Дамир Досов майор Майлиевтің сөзін жоққа шығарып, Макаров тапаншасымен бірге тек 1 оқжатар бергенін, оқжатарға оқ барын көргенін айтады. Алайда оқжатарды тапаншаға емес, кобураға жеке салып қойған. 

Бұған дейін майор Бағдат Майлиев куәлік бергенде Досовқа тапаншамен бірге екі оқжатар бергенін, әр оқжатарда 8 оқтан, жалпы 16 оқ берілгенін айтқан еді. 

Талқылау