Картоптың қымбаттауы, Қаңтар бойынша үкім және Газада соғыстың аяқталуы: Қаңтарда болған маңызды оқиғалар
2025 жылы енді басталса да, бір айда Қазақстанда бірнеше заң күшіне енді. Тергеуі 3 жылға созылған Қаңтар оқиғасы бойынша бірнеше адамға сот шешімі шықты. Сондай-ақ елде қымбатшылықтың көрінісі де байқалды. Әлемде жаңа вирус түрі пайда болып, ХАМАС пен Израиль арасындағы соғыс тоқтады. Stan.kz редакциясы қаңтарда болған маңызды оқиғаларға шолу жасады.
Есірткі тасымалдаушылардың жазасы жеңілдетілді
Тоқаев қаңтарда есірткі өндірушілерге жазаны қатайтатын, есірткіні жасырын орналастырушыларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастыратын заңға қол қойды.
Түзетулердің негізгі мақсаты – есірткі өндірушілеріне қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту. Олар үшін өте қатал жаза қарастырылған. 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру. Ал есірткі сатушыларға қатысты жаза 15 жылдан 12 жылға дейін жеңілдетілді", – деп түсіндірді ол.
Жаза аталған қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіні ескерілді. Сол үшін кейбір "закладчиктерге" (мыңнан аса адам) шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы берілген.
Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді.
Көлігін 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл: Заң көпшіліктің наразылығын тудырды
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 1-бөлігі “Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу” бойынша көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салынған. Мамандар бұл зиян қалдықтарды шығарып, экологияны ластайтынын айтады. Осы үшін үшін айыппұл 5 АЕК (19 660 теңге), ал қайталап жасағаны үшін 10 АЕК (39 320 теңге) болады. Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, бұл норма бұрыннан бар.
Тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, күні мен уақытын көрсетіп, ұзақтығы 5 минуттан асатын видео түсіру қажет екен. Қаңтарда петропавлдық ер адам көлігін 5 минуттан артық қыздырып, айыппұл төлеген бірінші адам болды. Сөзінше, оны көршілері ұстап беріп, 102-ге қоңырау шалған.
Осыдан кейін аталмыш ереже талқыға түсіп, сынға ұшырады. Депутат Нартай Сәрсенғалиев те вице-министр Роман Склярдан аталмыш заңды алып тастауды сұрады. Сөзінше, әуелі зиян қалдықтарды ауаға шығаратын зауыттарды тазалаған жөн.
Алайда сенатор Марат Қожаев бұл заңды алып тастамау керек екенін, бұл экология мен халық игілігі үшін жасалған заң деп айтты.
“Аулада көлікті бұрқыратып оталдырып қойып, адамға зиян келтіретін қорғасын оксиді деген сынды зиян заттарды көп бөлмесін дегені. Дарылдап тұрған көлік кішкентай баланың мазасын алмауы қажет. Осындай дүниелер заңмен реттелуі керек. Әйтпесе қоғам мүшелері ойына келгенді істей берсе, одан да қиын жағдайға түсеміз", – деді Марат Қожаев.
Көлікті қыздыруға бес минут жеткілікті екенін айтқан экология министрі Ерлан Нысанбаев өз көлігімен эксперимент жасап көрсетті. Министр даладағы ауа температурасы -17С екенін атап өтіп, қозғалтқыш температурасының ең төменгі көрсеткіште екенін көрсетеді. Бес минут өткен соң, министр көлігінің жеткілікті деңгейде қызғанын айтып, қозғала бастайды. Алайда көлік қозғалтқышының температурсы қаншалықты көтерілгенін көрсетпейді.
Қосылған құн салығы туралы жаңа салық реформасы талқыға түсті
Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық реформасын таныстырды. Реформаға сәйкес қосылған құн салығы (НДС) бойынша шекті соманы 15 миллион теңгеге дейін төмендету жоспарланып отыр. Сондай-ақ қосылған құн салығын қазіргі 12-ден 20 пайызға дейін көтеру ұсынылған.
Серік Жұманғариннің сөзінше, 20%-дық қосылған құн салығы әлемде кең тараған.
"Әзірге нақты қанша пайыз болатынын нақтыламадық. Бізде жетекші экономистер, елдегі салық мамандарынан тұратын кеңесшілер бар. Олар стресс-тест пен түрлі есептеулер жүргізеді. Бүгінде Ұлттық банктің макрофинанстық модельдері базасында бірнеше есептеу жүргізілді. Әлі есептеулер жүріп жатыр. Сондықтан үкімет нақты шешім қабылдады және ставка белгіленді деп айтудың қажеті жоқ", – дейді Серік Жұманғарин.
Тоқаев бұл идеяны қолдады.
Алайда қазақстандықтар бұған қарсылық білдіріп, бизнес өкілдерінен бұрын халық зардап шегетінін айтты. Заңгер Жангелді Сүлейменов қосылған құн салығы 20 пайызға көтерілуі шикізат пен тауарлар бағасының өсуіне және тұтынушылар мен кәсіп иелеріне ауыр тиетіні жайлы айтқан. Сондай-ақ сарапшылар салдарынан қара нарық, табысты жасыру белең алатынын түсіндірді.
Картоп бағасы шарықтап кетті
Елімізде картоп осы айда қымбаттап, тапшылық байқалды. Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев Қазақстанда қазір картоптың орташа бағасы бір келі үшін 320 теңге деген еді. Алайда Алматы, Астанада 420-450 теңгеден сатылып жатыр. Басқа өңірдегілер де баға 400-ден асып жатқанын айтады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, жаңа жылдан кейін көкөніс сақтайтын кейбір қоймалар жұмыс істемей, нарықтағы картоп көлемі азайған. Тағы бір вице-министр Ермек Кенжеханұлының сөзінше, Қазақстанда екінші нан бағасының қымбаттауына осы өнімнің белсенді экспорты "кінәлі". Яғни шетелдерге нарықтағы бағадан төмен бағамен сатылған.
Соның аясында үкімет алты айға көкөністі үшінші елдерге экспортты шектеу туралы шешім қабылдады.
Әрі тапшылықты реттеу үшін Алматы мен елордадағы танымал супермаркеттер желісі картоп сатуға шектеу енгізді. Яғни 5 килограммнан артық сатылмайды.
Ақтауда бір топ ер адам қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген
Ақтауда бір топ ер адам Алина есімді фитнес жаттықтырушысын көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген. Кейіннен жәбірленуші өз-өзіне қол салған.
“Күдікті 4 адам (Нұргелді, Мерей, Жалғас, Дархан) телефондарын ломбардқа өткізіп мефедрон сатып алып, оны қаланың бір жерінен өздері қазып алады. Сосын Маңғыстау сауда ойын-сауық кешенінің алдында отырып, көлік ішінде мефедронды иіскейді. Сосын жолдың арғы бетінде өтіп бара жатқан әпкемді көреді. Бір-біріне есірткі тасымалдаушы өтіп бара жатыр деп айтады. Өзара келісіп, екі күдіктіге “ұстап әкеліңдер” деген тапсырма береді. Олар әпкемнің кетіп бара жатқан жеріне келіп, төртеуі бірлесіп, көшенің қақ ортасында ұрып-соғып, қинап, көлікке күштеп отырғызады. Екеуі екі қапталында отырса, біреуі рульді басқарып, төртіншісі екінші көлікпен соңынан еріп отырған. Көлік ішінде әпкемді ұрып, басынан соғып, телефонын тартып алып, сөмкесін ақтарған. Басын төмен қаратып, жан-жағыңа қарасаң өлесің деп қорқытып, қаланы аралап жүрген”, – дейді марқұмның інісі.
Оқиға мамырда болған. Алайда қаңтарда шығарылған үкімге марқұмның жақындары наразы болып, желіде резонанс тудырды.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылғы 19 желтоқсанда жәбірленушіге қарсы жасалған қылмыстар үшін басты айыпталушыны 20 жылға, ал оның төрт сыбайласын 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ал прокурор жарыссөзде басты айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ал қалған қатысушыларды 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған.
Марқұмның жақындары апелляциялық шағым түсірді.
30 қаңтарда Алинаның зорлау ісі бойынша сотқа апелляциялық шағым түсіру үшін ондаған адам жиналды. Оның інісі басты айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.
Апелляциялық сот 1-инстанциядағы соттың үкімді жойып, жазаны қатаңдатты. 31 қаңтарда Нұргелді Сейітқалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қалған айыпталушылар Еркебұлан Аманқос – 16 жыл, Аралбай Мерей – 13 жыл, Дархан Құлбас – 13 жыл, Қуаныш Үсенғали – 13 жылға сотталды. Сондай-ақ жәбірленушінің отбасына 30 миллион теңге өтемақы төленеді.
Қаңтар оқиғасы бойынша бірнеше адамға шешім шықты
27 қаңтарда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған 44 адамға үкім шықты. Соның ішінде “Дикий Арман” лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Құдайберген Қайрат және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.
Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен ұсталған кәсіпкер Қайрат Құдайберген 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Арман Жұмагелдиев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және азаматтарды ұрлағаны үшін 20 жылға сотталды. "Қалаулым" бағдарламасы арқылы танылған Бердах Бекетов Қаңтардағы бүлікке қатысқаны үшін 7 жылға сотталды.
Сот Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовты қызмет бабын асыра пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпты деп танып, оны 15 жыл 6 айға соттады.
Сатиралық парақшаның авторы қамауға алынды
Алматыда Qaznews24 қоғамдық сатиралық парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек ұсталып, екі айға қамауға алынды. Оған “ұлтараздық қақтығыс тудырды” деген айып тағылған. Тергеу мәліметіне сәйкес, оның Тина Канделакиге қатысты жазба жариялап, оған “Йоу, орыстар” әнін қойғаны ұлтты қорлайды. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram-парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді. Дегенмен желі қолданушылары парақша авторына тағылған айыптың "саяси астары" барын жарыса жазып жатыр.
Егер белсендінің кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.
Темірлан Еңсебектің қамауға алынуын әділетсіз деп санап, оны қолдау үшін Алматы, Астана, Қостанай, Ақтөбе және Семейден 10 адам жалғыз адамдық пикетке шықты. Алматылық Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева 15 күнге қамауға алынса, қалғандарына заңсыз митингке шыққаны үшін айыппұл салынды.
Алматыда мәйіттерді зорлаған күзетші қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті
2024 жылы сәуірде Алматыда мәйітханада өлген адамдардың денесін зорлап, соны видеоға түсірген некрофил ұсталды.
Заң бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 314-бабы бойынша "Қайтыс болғандардың мәйіттері мен олардың жерленген жерлерін қорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, күдіктінің сот сараптама орталығымен және оның аумақтық бөлімшелерімен еңбек қатынасы болмаған.
"Ол әділет органдарының қызметкері емес. Келісім бойынша мәйітхананың қауіпсіздігін "Ayat Security" ЖШС жүргізген. Бұл азамат аталған ЖШС-нің мәйітханасының күзетшісі болып жұмыс істеген", – деді Талғат Уәли.
Алайда сот оны “есі дұрыс емес” деп танып, қылмыстық істі тоқтатты. Оның орнына ер адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық шараларды қолдану ұсынылды.
Әлемде не болды?
Жаңа вирус – метапневмовирус өршіді
Қытайда метапневмовирус өршіп тұр. БАҚ мәліметінше, вирустың жылдам тарап жатқаны сонша, ауруханалар науқастарға толып жатыр. Метапневмовирустан бөлек Қытайда тағы бірнеше вирус жүріп жатыр. Оның ішінде Mycoplasma pneumoniae де бар.
Кейінірек бұл аурудың оқшауланған жағдайлары Дания, Франция, Нидерланды және Ресейде тіркелді. Содан кейін ДДҰ Қытай мен Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайға түсініктеме беріп, пневмонияның өршуі пандемия емес, қалыпты құбылыс екенін атап өтті.
Метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және аз жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады. Қазір Қазақстанда, бүкіл әлем сияқты, ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркеліп жатыр.
Газадағы соғыс тоқтады
2023 жылы басталған Израиль мен ХАМАС арасындағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыс бейбіт келісіммен аяқталды. 15 қаңтарда Газада атысты тоқтату келісімге қол жеткізілді. Израиль мен ХАМАС өкілдері Катарда өткен келіссөзде Газа секторы бойынша келісімге келгені хабарланды.
ХАМАС кепілге алынған израильдіктерді қайтарған еді. Келісімге қол қойылғаны туралы кепілге алынған қалған 98 адамның отбасына да хабарланды.
Израиль премьер-министрі билік өкілдеріне келісім бойынша босатылатын тұтқындарды қабылдауға бірлесіп дайындалуды тапсырды. Келісімшартқа сәйкес, Израиль қорғаныс күштері (IDF) Газа секторы мен Мысыр арасындағы шекарадағы Филадельфи дәлізінде, сондай-ақ арнайы буферде ғана әскери қатысуын сақтай отырып, Газа секторының көптеген аудандарынан шығарылады. Газаның бейбіт тұрғындары үйлеріне, соның ішінде соғыстан қатты зардап шеккен солтүстікке орала алады. Бітімгершіліктің екінші кезеңі бойынша кепілге алынған еркектер мен өлген тұтқындардың қалған денелері Израильге тапсырылуы мүмкін. Байден келісімнің үшінші кезеңі Газадағы соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына арналатынын айтты.
Газаның орталық және оңтүстігіндегі 650 мыңға жуық палестиналық солтүстіктегі үйлеріне оралады деген болжам бар. Бақылау бекеті ашылған алғашқы екі сағаттың өзінде 200 мың адам оралып үлгерді.
Трамптың билікке келіп, өзгерістер енгізуі
Дональд Трамп 2024 жылы сайлауда жеңіске жеткенімен, 20 қаңтарда ресми түрде АҚШ-тың 47-президенті ретінде қызметіне кірісті. Трамп әлемдегі қақтығыстарды шешуге тырысатынын айтып, Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға уәде берді.
АҚШ президенті Дональд Трамп заңсыз иммиграциямен күресуді қолға алды. АҚШ-та дүниеге келген сәбилерге азаматтық беруді тоқтатты. АҚШ Қазақстанның 369 азаматын депортацияламақ. Барлығы 1 445 549 шетелдікті әртүрлі мемлекеттерден депортациялау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Трамп елде екі гендер мойындалатынын айтты, яғни кәмелетке толмағандар жынысын ауыстыра алмайды, трансгендерлер жеке гендер болып саналмайды.
Одан бөлек ол ДДСҰ-дан шығу туралы бұйрыққа қол қойған. Трамп коронавирус пандемиясы кезінде ДДСҰ "Қытайға бағытталған" саясат ұстанды деп мәлімдеген еді.
Оған қоса Трамп федералды деңгейде өлім жазасын қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойды.
"Америка Құрама Штаттарының саясаты – өлім жазасына рұқсат беретін заңдардың сақталуын және толық орындалуын қамтамасыз ету және өлім жазасына кедергі келтіріп, заңға нұқсан келтіретін саясаткерлер мен судьяларға қарсы тұру", – делінген бұйрықта.
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёл қамауға алынды
2024 жылы 3 желтоқсанда әскери жағдай енгізгеннен кейін қызметінен шеттетілген Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёл сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы қамауға алу ордерін 13 қаңтар таңертең орындаған. Юн Сок Ёл президент резиденциясында тұтқындалып, Сеулдің Гвачон қаласындағы тергеу мекемесіне жеткізілді.
Юн Сок Ёл Оңтүстік Корея тарихында қамауға алынған алғашқы президент атанды.
Тұтқындау президент резиденциясындағы ұзақ келіссөздерден кейін жүзеге асты. 31 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Батыс округтік соты Юн Сок Ёлды "бүлік ұйымдастыру" және "қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" айыптарымен қамауға алу туралы шешім шығарды. Алайда, 3 қаңтар күні бұл шешімді орындау әрекеті президент күзеті мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласып, бұйрықтың орындалуы кейінге қалдырылды.
Бұл жолы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы президентті өз еркімен берілуін күтпей, тікелей әрекет ететінін хабарлады. Президенттің қауіпсіздік қызметі тарапынан қарсылық болмады.
Президент резиденциясының маңайына шамамен 6500 жақтасы жиналып, қолдау білдірді. Сонымен қатар, биліктегі "Халық билігі" партиясының депутаттары резиденция алдында наразылық танытты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3000-ға жуық полиция жұмылдырылды.
Айта кетейік, 2024 жылдың 27 желтоқсанында Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хан Дик Су да қызметінен босатылды. Оның орнына вице-премьер Чой Санг-мок тағайындалды.