Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қартайып өлді: Экология министрлігі Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылу себебін айтты

Экология министрлігі Қазақстанның облыстарында табылған киіктердің өлекселеріне түсініктеме берді. Ведомствоның дерегінше, жануарлар қартайып өлген. Өлекселер киіктер мекендейтін өңірлерден – Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ria.ru

"Киіктердің биологиясы мен өмірлік цикліне сүйене отырып, анықталған жағдайлар табиғи өліммен байланысты", – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Мамандардың айтуынша, киіктердің өмір сүру ұзақтығы қысқа, сондықтан олардың табиғи түрде өлуі жиі кездеседі. Жыл сайын популяцияның шамамен 20%-ы қырылады. Ал ересек аталықтар арасында бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе құрғақ жаздан кейінгі қыста жем-шөптің аздығы салдарынан жануарлар әлсіреп, өлім-жітім көбейеді.

Министрліктің баспасөз қызметі жыл басынан бері 5,2 мыңнан астам киік өлексесі жойылғанын хабарлады. Бұл жұмыстар әкімдіктер, ветеринарлық қызмет, полиция және төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп жүргізіліп отыр. Батыс Қазақстан облысында жаппай қырылу тіркелмеген. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты аймақтарды тексеру қиынға соққан.

Қазір Қазақстандағы киіктердің саны 4,1 миллионға жеткен, соның 2,3 миллионы Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Сәуір айында мамандар әуе санағын жүргізіп, бұл мәліметтерді нақтыламақ.



Еске салайық, бұған дейін Ақтауда тұрғындар тағы да демалыс базасының маңынан итбалықтар мен құстардың өлекселері табылғанын айтқан еді. Айтуларынша, бұл өлекселер былтыр күзден бері осы аумақта жатқан. 

Талқылау