Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банктер шығынды клиенттер есебінен өтейді – Аймағамбетов картадан картаға аударым жасауға салынатын салық туралы

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексінің жобасында қарастырылған қаржылық қызметтерге қосылған құн салығын енгізу пластикалық карталар мен ақша аударымдарына қызмет көрсетуді қымбаттайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Рexels.com

Депутат өзінің Telegram-арнасында жазба жариялады. 

“Картадан картаға аударып едім, комиссия 150 теңге болды. Бірақ егер Салық кодексінің жаңа жобасында ұсынылған норма қабылданса, мұндай аударымдар 12 пайызға қымбаттауы мүмкін. Экономика министрлігінің барлық төлем операцияларына қосымша құн салығын салу жоспары туралы айтып отырмын. Пластик карталар қолдану, картадан картаға, шоттан шотқа аудару, аударымдар және банк қызметтері айтарлықтай қымбаттауы ғажап емес”, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ол Экономика министрлігінің банктер бұл шығындарды өздері жабады деп мәлімдегенін еске салды. Алайда депутаттың пікірінше, бұл шындыққа жанаспайды.

“Банктер шығынды клиенттер есебінен өтеу мүмкіндігін ешқашан жібермейді. Бұл қайырымдылық ұйымдары емес. Бұл нормаға Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар, тіпті "Атамекен" де жұмыс тобында қарсы шықты. Дегенмен Экономика министрлігі оны сонда да кодекс жобасына енгізді. Мұндай өзгерістер біздің шығындарымызды арттырып қана қоймай, қаржы жүйесіне деген сенімді әлсіретеді. Бұл бастама бәріне қатысты. Сондай-ақ біз бұл ережені өзгерту үшін түзетулер енгізуді ұсындық. Мұндай салықтар қарапайым халықтың иығына арту қаншалықты әділетті”, – дейді депутат.

Ол бюджет тапшылығы мәселесін өзекті емес шығыстарды қысқарту, бюджетті неғұрлым ұтымды пайдалану, жеңілдіктерді жою және артық кіріс алатын аудандарға салықты көбейту, банктерге салынатын корпоративтік табыс салығын ұлғайту арқылы шешуге болады деген ұсыныс жасады.

Талқылау