Қарызы бар адамдарға құмар ойын ойнауға тыйым салынбақ: Мәжіліс заң жобасын жұмысқа алды
Мәжіліс ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Adobe Stock
Депуат Асхат Аймағамбетов, заң жобалары мемлекет басшысының құмар ойындарға заң жүзінде шектеу қою туралы тапсырмасы шеңберінде парламент депутаттарының бастамасымен әзірленгенін атап өтіп, заңның негізгі новеллаларын түсіндіріп берді.
Олар мынадай:
Біріншіден, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын ғимараттарда, билбордтарда, БАҚ-та, көліктерде орналастыруға және таратуға тыйым салу туралы норманы қарастырып отыр. Сондай-ақ басқа жердегі жарнамасын шектеу ұсынылады;
Екіншіден, борышкерлердің бірыңғай тізімінде тұрған азаматтарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салу ұсынылады;
Үшіншіден, лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет ресурстарына тыйым салып, оларды бұғаттау ұсынылады. Заңнаманы бұзған ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізу сияқты басқа да маңызды нормалар бар.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев дүкендерде, жертөлелерде және мектептердің іргесінде орналасқан ойын автоматтарын тексеріп, оларға тыйым салып, заңмен қатаң шектеу керегін айтқан еді. Өйткені ойын автоматтарына балалар да үйір бола бастаған.