Қарызға батып ауызашар берудің қажеті жоқ – Нұрлан имам
Дінтанушы, "Ырыскелді қажы" атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы Рамазан айында қарызданып ауызашар беруді құптамайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Egemen Qazaqstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: instagram.com/nurlanimam.kz
“Ораза - құлшылық. Ауызашар беру ол да салтымызбен астасып жатқан жақсы амалдардың бірі, құлшылық. Бірақ соңғы уақытта ауызашар бір-біріне еліктеушілік немесе қинау, зорлыққа ұласып кетіп жатыр. Мынау аста-төк дастарқан жайды деп қарызға батып ауызашар берудің қажеті жоқ. Оразаның басты мақсаты ағайындарды біріктіру, ұзағандарды жақындастыру, ренжіскендерді райынан қайтару, алдынан өту сынды ғибратты іс-әрекеттерді қамтыған дұрыс. Біздің ауызашарларымыз кейінгі жылдары шоу, гала-концертке дейін айналып бара жатқан жағдайларды байқап жүрміз. Бұл кезде жылына бір келетін Рамазан айын пайдалы өткізуге көңіл бөлу керек”, – дейді имам.
Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, Рамазан айында ауызашар беремінде қателікке бой алдыратындар көп. Мұнда аста-төк дастархан емес, ниеттің дұрыстығы маңызды.
“Ауызашар берудегі ең ескеретін тұс – дастарқанда бақталастық болмау керек. Біздің қоғамда адамдар бәленшенің дастарқаны керемет болды, ал екінші бір адам жағдайы жеткенше жасаса дастарқаны қарапайым болды деп әңгімелеп жатады. Бұл дұрыс әрекет емес. Адам Құдайға дастарқанымен жақындамайды. Пейілімен жақындайды. Сондықтан кім қандай ниетпен ауызашар берсе, сауапта соған қарай беріледі. Асылында бұл аса мән беретін мәселе. Ауызашарда бірінші су, сұйық тағамдар көбірек берілу керек. Бізде бірден алдыңа ет қояды. Мұндайда күні бойы аузы берік адамның шөлі басылмай қалады. Мүфтият, басқа да діни орындар бекіткен дастарқан мәзірі жоқ. Халқымыз құрмет білдіру үшін мол дастарқан жаяды. Алайда бақталастыққа өтіп кетпеуді қадағалау шарт. Мен алдыма жан салмаймын, менің дастарқаным ең жақсы болуы қажет деген түсініктен арылған дұрыс. Пайғамбарымсыз (с.ғ.с) құрма бер немесе су бер. Осының өзі жеткілікті деп айтқан.
Бұған дейін Нұрлан имам жігіттерге "пенсионер" қыздарды мазаламаңдар” деп ескерту жасаған еді.