Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қораға тығып отырғызып қойғандай": Қаскелең тұрғыны мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін мекеменің жағдайына шағымданды

Қазақстандықтар Қаскелең қаласындағы мүгедектігі бар адамдарға анықтама беретін мекеменің қызмет сапасына шағымданып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл мекемеде жағдай өте нашар: бөлме лас, тар, ауа жоқ, ал қызметкерлері өте баяу қызмет көрсетеді. Соның кесірінен мүгедектігін растайтын қағазды алуға барғандар бірнеше күн қатарынан ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.

Осы мәселеге қатысты Қарасай ауданының тұрғыны, “Қарасай ана жүрегі” қайырымдылық қорының жетекшісі Әлия Даниярова Stan.kz ақпарат агенттігіне шағымын білдірді. Оның айтуынша, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының бөлімшесі Қаскелеңдегі аудандық орталық аурухананың ішінде орналасқан. Жуырда ол сол жерге танысына көмектесуге барған кезде мекемедегі жағдайды өз көзімен көріп қайтқан.

“Таңғы сағат жетіден бастап кезекке тұрған адамдар түстен кейінгі үшке дейін кіре алмады. Қызметкерлер “база істемей тұр” деп қайталай береді. Өкінішке қарай, азаматтар мұндай сылтауды үнемі естіп жүр. Өзім ІІ топтағы мүгедектігі бар адам саналатын кісіні ертіп бардым. Сол күні шаруамызды бітіре алмадық, ертесі тағы барды,” – дейді Әлия Даниярова.

Оның сөзінше, бөлімше өте кішкентай, тар дәлізде 30-40 шақты адам тұрып, иін тіресіп отырады. Арасында ауру балалармен келген аналар, көзі көрмейтіндер, арбада отырғандар мен аяқ-қолы жоқ азаматтар бар. Алайда мекеме оларға лайық жағдай ұсынбай отыр дейді. 

“Бөлме лас, ауа жоқ, жарық әлсіз. Ішке кірсең, адамдарды қораға тығып қойғандай әсер қалдырады. Анықтама алуға келгендердің барлығы шаршап-шалдығып отыр. Олар адам емес пе? Бұл – мүгедектігі бар адамдарды қорлау деп есептеймін”, – дейді ол. 

Қаскелең тұрғыны бөлімдегі шағым қабылдау жүйесінің де дұрыс жолға қойылмағанын да айтты. Қабырғада көрсетілген байланыс нөміріне хабарласқан адамдарға сол жерде отырған қызметкерлер өздері жауап берген.

“Шағымданайын деп көрсетілген нөмірге хабарлассам, дәл сол жердегі қызметкер жауап беріп отыр. Бұл халықты мазақ ету емес пе? Шағым қабылдайтын тәуелсіз орган неге жоқ? Қанша адам қабылдай алатынын күні бұрын неге хабарламайды? Шағым айтсақ, “біз тек Астанаға есеп береміз” деп жауапсыздық танытады. Бұл — жүйелі түрде қалыптасқан немқұрайлық,” — деп ашынды Әлия.

Даниярованың сөзінше, мүгедектікті растайтын анықтама белгілі бір мерзім ішінде алынуы қажет. Алайда кезек көп, жұмыс баяу болғандықтан, кей азаматтар құжаттарын уақытында рәсімдей алмай қалады. Соған қарамастан, қызметкерлер кінәні азаматтардың өзіне артады.

“Кейбірі бірнеше күн бойы кезекте тұрып жүр. Енді біреулері өздігінен келе алмайды, қамқоршыларының уақытына тәуелді. Бірақ бұны ешкім ескермейді. Бұл — нағыз әділетсіздік. Бұл мекеменің жұмысы неге тексерілмейді?,” — дейді Әлия Даниярова.

Аталған мәселеге байланысты Stan.kz тілшісі сұрау жолдағаннан кейін, жауапты мекеме — Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті ресми түсініктеме берді. Департамент электронды жүйедегі ақаулар “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” мен “Мемлекеттік техникалық қызмет” мекемелерінің тарапынан жүргізілетін жүйені жаңарту және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына байланысты туындайтынын жеткізді. Осы себепті кейбір кезеңдерде техникалық ақаулар мен жүйенің уақытша істен шығуы мүмкін екенін айтты. Алайда департамент мекеме санитарлық талаптарға сай екенін алға тартып отыр.

“Аудандық орталық ауруханасының ғимараты шартта көрсетілген стандарттарға сәйкес (жарық, су, санитарлық тораптармен қамтамасыз етілген), аталған сұрақтар бойынша тұрғындар арасынан шағымдар түспеген”, – дейді ведомство. 

Сонымен қатар департаменттің ақпаратына сүйенсек, мүгедектікті растауға арналған анықтаманы алу үшін құжаттарды тапсыру мен қызмет көрсету мерзімі бір сағаттан аспауға тиіс. Үйде қызмет көрсету, немесе ерекше жағдайларда бұл мерзім 4 сағатқа дейін ұзаруы мүмкін. Онлайн өтініштер бойынша қорытынды шығару мерзімі — 1 сағаттан 3 жұмыс күніне дейін, құжаттың түсу уақытына байланысты өзгеріп отырады. Азаматтар мемлекеттік қызмет көрсету тәртібімен келіспесе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабы негізінде жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдануға құқылы екенін еске салды.

Наргиза Аршидин
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 15:16
Талқылау