Қарақат Әбілдина тағы бір кәсіп ашып, тұсау кесуді бизнеске айналдырды (видео)
Бүгінде өнерде жүрген жұлдыздар өз жеке кәсібін жарыса ашып жатыр. Бірі өнер мектебін, бірі киім дүкенін ашып, ел экономикасының дамуына үлес қосуды ұйғарған сияқты. Бұл тізімде әнші Қарақат Әбілдина да бар. Бұған дейін «Қарақат» мектеп-студиясын ашқан әнші ендігі тұсау кесуді бизнес көзіне айналдырды.
Әнші Instagram желісінідегі жеке парақшасында жариялаған жазбасында «Қарақат» мектеп-студиясының жанынан тұсау кесу рәсімі өтетін «Қарақат event» орталығы ашылғанын жазып, қуанышты жаңалығымен бөлісті.
«Ардақты ағайын! Бүгінгі күннің басты жаңалығы «Қарақат» мектеп-студиясының жанынан, «Қарақат event» орталығы ашылып, соның бастамасын бүгінгі тұсау кесермен бастадық. Негізі осы іс шараны жасауға ұйытқы болған өздеріңіз… Қаншама нәрестенің тұсауын кесіп жатқанымды көріп жүрсіздер және сәбилердің саны күн санап өсіп келеді. Осы 2 айдың ішінде 100-ден аса бала тұсау кесерге тапсырыс берген екен. Көрінген жерге ақ матаны төсей салып кескенше, осындай мағыналы дәстүрді үлкен мерекеге айналдырып тойлатқанды жөн көрдік. Аппақ ниетті періштелеріме естелік болсын деген ниетпен жасаған тойымыз өте жақсы өтті. Сонымен, бүгін 25 сәбидің тұсауы кесілді. Алла жолын ақ қылсын балапандардың!», – деп жазды әнші.
Өз кезегінде әншінің желідегі оқырмандарының пікірі қақ бөлінді. Бірі Қарақаттың бастамасын қолдап, ақ тілегін жаудырса, екінші топ әншіні сын астына алды. Тұсау кесу рәсімінің ақылы түрде өтетіні және бекітілген құны көпшіліктің көңілінен шықпады.
«Қазақ ырымшыл келеді. Онысы дұрыс. Ата-ана балаға бар жақсылықты тілейді. Қарақат сіңліміз – бақытты жан, аяулы, көп балалы ана. Алла берген арыстай 4 ұлы бар. Ал тұсауды ақшаға кесетінін құптау қиын екен. Шын ниетпен кесіп, бергенді алу керек емес пе?» – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Оқи отырыңыз:
Джей Зи алғаш рет Бейонсенің көзіне шөп салғанын мойындады
Қайрат Нұртас «Жүрегіңнен бір орын бер» әнінің авторына қаламақысын төлемей қойған
Кезінде Димаш Құдайбергенді сынаған Бағым Мұхитденова: Пікірім әлі өзгерген жоқ