Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарақат Әбілдина Қыдырәліні белгісіз арумен "сүйістіріп" қойғандарға шүйлікті

Сұхбат бердіФото: https://www.instagram.com/karakat_a?

Әлеуметтік желіде жұлдызды жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның жасанды интеллект арқылы жасалған видеолары тарады. Youtube-арнадағы бейнежазбалардың бірінде Қыдырәлі жас қызбен құшақтасып отырғаны көрсетілсе, екіншісінде өнерлі жұптың түрмеге түскені туралы айтылған. Онда тіпті Қарақат Әбілдина мен Қайрат Нұртастың шаңырақ көтергені жайлы жалған ақпарат та бар. Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі әнші Қарақат Әбілдинаға хабарласып, пікірін алды.

Өнер иесі видеоларды алғаш көргенде шок болып қалғанын жасырмады.

“Видеоларды көрген кезде шок болдым. Кеше ғана ашып қарасам, бізді “өлтіріп”, табытқа жатқызып қойыпты. Келесі видеода қолым кісендеулі, “Қыдырәлі мен Қарақат түрмеде отыр” деп жазылған. Оған біреу тіпті сценарий жазып, екіншісі соған сеніп, қарап, пікір қалдырып отыр. Тағы бір видеода Қыдырәліні жас қызбен құшақтастырып, сүйісіп отыр деп көрсетіпті. Ұят емес пе? Оның осы уақытқа дейін халықтың алдында жинаған құрметі мен абыройы қайда қалды? Ал енді біреу келіп, ойына не келсе соны жасап отыр. Әрине, біз ол видеоның кесірінен “жаман” болып қалмаймыз, бірақ ең сорақысы – осындай жалған дүниелерге сеніп қалатын адамдар бар”, – деді әнші.

Өзге арумен құшақтастыФото: Видеодан скриншот

Әнші қанша ашуланса да, жалған видеолардың авторларына қарсы ешқандай шара қолданбайтынын айтты.

“Ешқандай арыз жазбаймын. Өйткені бұл – бір адамның айқайымен шешілетін мәселе емес. Қазір адвокат жалдап, соттасқаннан не ұтамын? Тек уақытым мен жүйкемді жоғалтатыным анық. Шырылдайсың, айтып көресің –  бәрібір нәтижесіз қалады. Қазақ “Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас” дейді ғой. Сол айтқандай, мұндай жағдаймен жеке күресіп болмайды. Бұл мәселені мемлекет өз қолына алып, заң жүзінде реттемесе, жағдай ушыға береді, ертең бұдан да сорақы дүниелер көбейеді. Уақытында тоқтау қойылмаса, жалған ақпарат қоғамның уын шашып, талай адамға зиянын тигізеді”, – деді Қарақат Әбілдина.

Түрмеге тоғылдыФото: Видеодан скриншот

Сондай-ақ әнші қазіргі қоғамның арзан атақ пен өсекке әуес болып кеткенін алға тартты. Оның сөзінше, бүгінде тіпті ерлі-зайыптылардың жеке өміріне араласу сәнге айналған.

“Қазір әлеуметтік желіде адамдар барлығының бетін ашып, ештеңені жасырмайтын болды. Ұят деген ұғым ұмыт қалды. Ертең балаларымыздың өмірі не болады?! Бүгінде тіпті ерлі-зайыптылардың жеке өміріне дейін араласу сәнге айналды. Қазақ “ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі” дейді ғой –  сол сөздің шындығын көріп отырмыз. Біреуді жамандап, оның абыройын төккеннен жаны кіретін адамдар көбейді. Бұл –  қазақтың болмысына жат нәрсе. Өз өмірін түземей жатып, өзгенің тіршілігін талқылап, күнін өсек-ғайбатпен өткізу ұят емес пе? Оның орнына неге пайдалы іспен айналысып, білім алып, жаңа нәрсе үйренбеске?!” – деді әнші.

Қарақат Әбілдина елімізде ғана емес, жалпы әлемде де жасанды интеллекттің қарқынды дамуына қатысты өз пікірін білдірді.

“Жасанды интеллект не үшін керек өзі? Ол адамзатқа не береді? Біз тіріміз ғой, өмір бар, жан бар. Ал өлі адамды “тірілту”, тіріні “өлтіру” –  нағыз масқара емес пе?! Қазір тіпті ChatGPT-пен өмір сүретін адамдар пайда болды. Оларға сол – дос та, сырлас та, кеңесші де, дәрігер мен психолог та. Халық сонымен сөйлеседі, сыр бөліседі, ақыл сұрайды, тіпті ауырса, ем іздейді. Осындай жағдайдың кесірінен адамдар ойланып, ізденіп, кітап оқудан, рухани өсу мен тірі қарым-қатынастан алыстап барады. Нағыз адамдық байланыс жоғалып бара жатқандай”, – деді өнер иесі.

Айта кетейік, кеше Желіде Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина туралы бірнеше жалған видео тарады. Оның ішінде көпшілік продюсердің жас қызбен құшақтасып, сүйісіп отырған видеосына ерекше назар аударды. Кейінірек өнер иелері жеке парақшаларында талқыға түскен бейнежазбаларға қатысты наразылық білдірді.

Қарақат Әбілдина парақшасында бұл видео жасанды интеллект (ЖИ) арқылы жасалып, арнайы арандатушылық мақсатта таратылғанын айтты.

Ад Қыдырәлі Болмановтың өзі арнайы жазба қалдырып, бейнероликтің жалған екенін және өзіне жала жабылғанын жазды.

"Бұл мен емеспін! Құдай сақтасын. Әжем көрсе, "Қарақатың қайда?" деп таяғын алып шығар еді… Менің кішкентай балаларым көріп қойса ше? Бұл – жасанды интеллекттің жалған туындысы. Алдағы уақытта мұндай технологиялар айнытпай бейнежасайтын деңгейге жетсе, не болар екеніміз қорқынышты", – деп жазды Болманов.

Ол сондай-ақ жалған ақпарат таратушыларға заңмен шара қолдану қажет екенін атап өтті.

Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі Қыдырәлі мен Қарақатты қолдап, жылы пікірлер қалдырып жатыр. Кейбірі мұндай жалған видеолардың адам абыройына нұқсан келтіретінін және қатаң заңдық бақылауды қажет ететінін жазды.

Еске салайық, бұған дейін Қарақат Әбілдина атақ алуға қатысты жазба жариялаған еді.

Айнұр Мұхади
Жұма, 07 Қараша, 2025 17:46
Талқылау