Өзбекстанда Ресей мен Қазақстаннан "өз еркімен оралған" қоғам белсенділері сотталып жатыр
Нүкіс қалалық соты 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Ресейден "өз еркімен оралған" екі қарақалпақ белсендісінің қылмыстық істерін қарауды бастады. 7 наурызда Жеткербай Абдрамановқа мемлекеттік құрылымды өзгертуге шақыру, тыйым салынған ұйымға қатысу және интернет арқылы қауіпті материал тарату бойынша айып тағылды. Ал 10 наурызда Ринат Утамбетовке билікке кедергі жасау және қауіпті материал тарату деп күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тmhelsinki.org порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Тmhelsinki.org
7 наурыз күні Жеткербай Абдрамановтың ісі бойынша сот тыңдауы ашылды. Ол Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша айыпталып жатыр:
- 159-бап 1-бөлім (мемлекеттік құрылымды конституциялық емес жолмен өзгертуге жария түрде шақыру),
- 244-1-бап 3-бөлім, "Г" тармағы (интернет арқылы қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды тарату),
- 244-2-бап 1-бөлім (тыйым салынған ұйымдарға қатысу).
Абдраманов 2022 жылдың маусымында Алматыда Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін жоятын өзгерістер енгізуге қарсы қол жинаумен айналысқан. Осы әрекеті Өзбекстанның арнайы қызметтерінің назарын аударған. 2023 жылдың қаңтарында көші-қон заңын бұзғаны үшін Қазақстаннан депортацияланғаннан кейін ол бірнеше елден баспана сұрауға тырысты. Сол жылы өзбек билігі оған саяси айыптар тағып, іздеу жариялады. 2024 жылғы 27 желтоқсанда ол Мурмансктен Мәскеудегі Домодедово әуежайына ұшып келген соң, із-түссіз жоғалып кетті. Кейін оның сол күні Өзбекстанға "өз еркімен оралғаны" хабарланды. Ол бірден қамауға алынып, қаңтардың соңында Ташкенттен Нүкіс тергеу изоляторына жіберілді.
Екі істі де судья Шафқат Шамамбетов жүргізіп жатыр. Бастапқы айыптар кейін күшейтілді. Ол Өзбекстанда 2024 жылы тыйым салынған, бірақ әлі ресми түрде жарияланбаған "Алға Қарақалпақстан" ұйымына қатысы бар деп айыпталып отыр. Ресми жарияланбаған тыйымға негізделген қылмыстық қудалау қылмыстық құқық нормаларын өрескел бұзу болып саналады.
10 наурыз күні Нүкіс қалалық сотында Ринат Утамбетовтің ісі қарала бастады. Ол келесі баптар бойынша айыпталды:
- 159-бап 2-бөлім (конституциялық билік органдарының заңды қызметіне кедергі жасау мақсатында күш қолдану),
- 244-1-бап 3-бөлім, "А" және "Г" тармақтары (қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды алдын ала сөз байласу арқылы және интернетте тарату).
2024 жылдың сәуірінде Утамбетов Қазақстанда ұсталды. Себебі ол Өзбекстанда іздеуде жүрген. Ер адам Алматыдағы тергеу изоляторында желтоқсан айына дейін қамауда болып, содан кейін "туыстарымен сөйлескеннен кейін отанына оралғысы келгендіктен" өзбек билігіне берілді.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Утамбетов қарақалпақ оппозициялық ұйымдарына қатыспаған. Оның үстінен қозғалған іс жазда, 2022 жылы Қарақалпақстандағы автономияның жойылуына қарсы болған наразылықтар кезінде Шортанбай ауылынан 10 адам мүше болған жабық Telegram тобында үш "тыйым салынған видеоны" бөлісуіне байланысты қозғалған. Осы іске қатысты оның сыныптасы Рахим Пірназаров 2023 жылы 4 жыл бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Утамбетов Ташкенттегі тергеу изоляторына жабылып, 2025 жылдың қаңтар айының соңында Нүкіске жеткізілді. Өзбекстан Жоғарғы сотының сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, оған тағылған айыптар да күшейтілген.
Еске салайық, бұған дейін халықаралық іздеуде жүрген Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасов Өзбекстанда ұсталғанын жаздық. Мәліметке сенсек, экс-шенеунік Қазақстаннан заңсыз шығып, алдымен Қырғызстанға өткен. Содан кейін Өзбекстан аумағына да заңсыз жолмен кірген. Сөйтіп жергілікті шекарашылардың қолына түскен. Енді оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Себебі Өзбекстан Республикасының шекарасын алдын ала келісілген топпен заңсыз кесіп өткендерге осындай жаза қарастырылған.