Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда шенеуніктер жатақханадан 15 отбасын далаға қуып жатыр

Қарағандыда шенділер жатақханадан 15 отбасын далаға қуып жатыр. Бірақ алды 20 жылдан бері күнелткен баспаналарынан тұрғындардың айырылғысы жоқ. Айтуынша, олар бөлмелерді аттарына аудару үшін қала әкімідігіне сан рет арыз түсірген. Бірақ осы күнге дейін шенеуніктер бөлме өздеріңде қалады деп алдап келді дейді жұрт. Ал тұрғын үй қатынастары бөліміндегілер баспаналарға заңсыз қоныстанғандардың бәрін сотқа тартамыз деп білек сыбанып отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

ы

Жасы 70-ке таяған Үміт Ниязова 1995 жылы қоныстанған мына екі бөлмеде баласы мен немерелері бар, барлығы 8 адам сығылысып отыр. Өзі бір септігі тиер деп зейнетке шыққанша осы үйдің есік алдын сыпырып, күл қоқысын тазалаған. Әкімдіктің табалдырығын сан тоздырғанда, ондағылар құжаттарды рәсімдеп бермесе де, баспана өзіңізде қалады деп айтқан екен.

“Дәл осы сасық бөлмесін беріп кетер едім.  Бірақ баратын жер жоқ. Мынау жетім бала бейшара. Бір апам бар еді ол да өлді”, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Үміт Ниязова.

Соттан шақыру алған Жанна Хандоганың мына бөлмеде тұрғанына он жыл болыпты. 4 баласы мен күйеуі бар, құрқылтайдың ұясындай 12 шаршы метрде еріккенімізден отырған жоқпыз дейді ашынған тұрғын.   Жанна сынды 15-ке тарта отбасыдан соңғы күндері күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан.

“Бұл тұрғындар баспаналарға өз еріктерімен қоныстанып алған деген күдік бар. Құжаттары дұрыстары баспаналарын жекешелендіріп алды ғой. Егер оларға бөлмелер қандай да бір ұйымның атынан берілген болса, сотта дәлелдесін. Ал 10-15 жыл тұрдым деуі, баспана солардыкі деуге негіз емес”, – дейді Қарағанды қалалық тұрғынүй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сәлжан Балаубаев.

Шенеуніктер қаланың жатақханаларындағы құжатсыз баспаналардың бәрі осы жолмен мемлекет меншігіне өтеді деп отыр. Босаған бөлмелер ең алдымен кезекте тұрған жетімдерге беріледі екен. Заңның реті сол. Осыған қарағанда, қыстың көзі қырауда далада қалатындар саны әлі көбейетін түрі бар.


Жіберіп алмаңыз:

Ақтөбе имамдары ас беру кезінде жайылатын дастарханның жалпыға ортақ мәзірін бекітпек

Өгей ана туғаныңдай бола ма?

Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, отбасын асырайды

17 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмаған көпбалалы ана жұрттан көмек сұрады

Талқылау