Қарағанды прокуроры үш жол апатын жасағанымен 21 мың теңге айыппұл төлеп құтылды (видео)
Қарағандыда облыстық сот апелляцияда аудандық прокуратура қызметкері салдарынан орын алған үш жол-көлік апаты жөніндегі әкімшілік іс бойынша жаңа шешім шығарды.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Әсел Сәрсенбаеваны 9 айға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын 10 АЕК, яғни 21 210 теңге көлемінде айыппұл салумен алмастырды.
Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енді.
Облыс прокуратурасының ақпаратынша, қызметкер ар-намыс кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша, Қарағанды облысы прокурорының бұйрығымен Сәрсембаеваға қатаң сөгіс жарияланды. Шешім тәртіптік кеңесте қабылданды», – деп хабарлады ведомствода.
Еске сала кетейік, апат 1 шілдеде Қарағандыда Волгодонская көшесінде орын алды. Hyundai автомобилін басқарған прокуратура қызметкері, алдын ала мәліметтер бойынша, жылдамдықты асырып, Mercedes автомобилімен соқтығысты. Кейін, қарсы жолаққа шығып, тағы екі жеңіл көлікті соқты.
Жол-көлік оқиғасы түсірілген видеоны әлеуметтік желілерге «ОСА» қоғамдық бірлестігі жариялады.