Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда адам өлімімен аяқталған жол апаты: Кәсіпкер екі айға қамауға алынды

Қарағандыда мамандандырылған тергеу соты белгілі кәсіпкер Сергей Камаевты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ол көлік тізгініне ие бола алмай, алты көліктің соқтығысуына себепкер болған. Салдарынан бір адам оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Еnbek.kz

Соттың дерегінше, жол апатына облыстағы кәсіпкер, "Қазгидромаш" компаниясының директоры Сергей Камаев күдікті ретінде танылды.

Мәліметтерге сенсек, прокурор күдіктіге екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын шығарды. Отырыста прокурор Камаев бостандықта жүріп, сот пен тергеуден қашуға тырысуы мүмкін екенін айтты.

"Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сайлау үшін негіздер: Камаев құқықбұзушылық жасады. Ол бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кәсіпкер бостандықта болған кезде қылмыстық қудалау органдары мен соттан жасырынып қалуы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіз бар. Жоғарыда айтылғандар бойынша күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауды сұраймын", – деді прокурор сот отырысында.

Сотта жібірленушілердің адвокаты да күдіктіні қамауға алуды талап етті. Қорғаушының сөзінше, күдіктінің әрекеті зардап шеккендерге елеулі материалдық зиян келтірген және жәбірленушілердің бірінің денсаулығына зиян тигізген. Дегенмен айыпкер мерт болған Nissan жүргізушісінің отбасына көңіл айтып, кінәсін мойындады.

"Құрбан болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқым келеді. Жауапкершіліктен қашпаймын", – деп ағынан жарылды Сергей Камаев.

Күдікті моральдық зиянды да, материалдық зиянды да толығымен өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Ерікті түрде өтемақы төлеу үшін оған үй қамағын тағайындауды сұрады.

Камаевтың адвокаттары оның біраз жыл бұрын Ауғанстандағы әскери қимылдарға қатысқанын, онда бірнеше рет жарылыс толқынын сезіп, басынан жарақат алғанын айтты.

"2 қыркүйекте біздің қорғауымыздағы азамат түскі ас кезінде дәрі-дәрмек қабылдау үшін үйге қайтып келе жатқан. Апат кезінде ол есінен танып қалған және созылмалы аурудың өршуіне байланысты өз әрекеттерін басқара алмаған. Ол көлік қозғалыссыз қалғанда ғана есін жиған. Ұсталған уақытта Камаевтың басы, кеуде тұсының сол жағы ауырған. Көлікті басқара алмауға себеп болған сырқаттардың өршуіне байланысты біздің қорғауымыздағы азаматқа мамандандырылған медицина қызметкерлерінің көмегі керек. Оған үйқамақ тағайындауыңызды сұраймыз", – деді сотта күдіктінің адвокаттарының бірі.

Күдікті де бұрынғы бас жарақатына байланысты соңғы уақытта жиі басы ауырғанын, эпилепсия мазалап жүргенін атап өтті.

"Сол кезде не болып жатқанын түсінбедім! Мен Пәкістаннан 12 шақырым жердегі Кандагардағы жауынгерлік бөлімде қызмет еттім. Бұл жауынгерлік бригада, мотоатқыш. Әрқашан нағыз шайқастың ортасында жүрдім, басымнан жарақат алдым. Оған мән бермей жүре бердім. 2006 жылы туған жерім Жезқазғанда шабуыл жасалғанға дейін мені ештеңе мазалаған емес", – дейді қамауға алынған ер адам.

Тараптардың дәлелдерін тыңдап, мамандандырылған тергеу сотының судьясы Ерлан Сексенов прокурордың өтінішін қанағаттандырып, күдіктіні қамауға алу туралы қаулы шығарды. 

"Сот Сергей Васильевич Камаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын екі ай мерзімге санкциялауға қаулы етті. Қамауда ұстау мерзімі 2024 жылғы 2 қыркүйектен 2 қарашаға дейін есептелсін", – деді судья Ерлан Сексенов.

Айта кетейік, 55 жастағы кәсіпкер осыған дейін қылмыстық жауапқа тартылмаған. Үйленген, екі бала асырап отыр, оның бірі кәмелетке толмаған.

Еске салайық, 2 қыркүйекте Қарағандыда алты көліктің соқтығысуымен жол апаты болды. Жол апаты салдарынан жүргізушілердің бірі көз жұмып, үш адам клиникаға жатқызылды. Зардап шеккендердің қатарында жүкті әйел де бар. Көп ұзамай күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Талқылау