Қарағандыда жекеменшік клиникалардың бірінде ер адам ота үстелінде қаза тапты
Фото: Видеодан скрин
Қарағандыда жекеменшік клиникада ота кезінде жігіт көз жұмды. Сараптама дәрігерлер тарапынан жіберілген қателіктерді анықтады. Алайда әлі күнге дейін ешкім сот алдында жауап бермеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
35 жастағы Вячеслав Ермолов 6 қаңтарда Қарағандыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде көз жұмған. Ер адамның салмағы 185 келі болған. Оған асқазанның резекциясы бойынша операция жасалуы тиіс еді. Мұндай операциялар жиі әрі сәтті жасалады. Бірақ әйелі Кристина күйеуін клиникаға шығарып салып тұрып, қатты уайымдаған. Ол қауіпті алдын ала сездім дейді.
"Мен жылап жібердім. Ол маған: "Неге менімен қоштасып тұрсың, соңғы рет көріп тұрғандайсың ғой", деді. Ол соңғы бір жылда, анасы қайтыс болғаннан кейін, 40 келідей салмақ қосып алды. Өзіне қиын болды. Спортпен де айналысты, дұрыс тамақтануға да тырысты, нәтиже болмады", – дейді марқұмның жұбайы.
Сот-медициналық сараптама интубацияның дұрыс жүргізілмегенін анықтады. Соның салдарынан гипоксия (оттегі жетіспеушілігі), мидың ісінуі және өлім орын алған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті медициналық көмекті көрсету стандарттарының өрескел бұзылғанын растады.
"Жоспарлы хирургиялық көмек көрсету барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда: пациенттің толық тексеруден өтпеуі, қажетті мамандардан толық кеңес алмауы, анестезиолог-реаниматологтардың қателіктері. Хирургтың жалпы хирургия бойынша сертификаты болғанымен, бариатриялық және метаболикалық хирургия бойынша сертификаты болмаған", – делінген облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті хаабарламасында.
Ведомство мәліметінше, клиника мен дәрігерлерге әкімшілік шаралар қолданып, хирургқа арнайы сертификат алмайынша бариатриялық операциялар жасауға тыйым салынған. Ал клиника директорына хабарласу мүмкін болмаған. Вячеслав Ермоловтың өліміне қатысты қылмыстық іс әлі күнге дейін сотқа жолданбаған.
"Анестезиолог кешірім сұрады, мен қателестім, интубацияны дұрыс жасай алмадым деді. Өз кінәсін мойындады. Қалғандары үндемейді. Біз кінәлілер жазасын алуы үшін бар күшімізді саламыз. Бірақ барлығы әдейі созылып жатқандай көрінеді", – делінген хабарламада.
Тергеу сегіз айдан бері жалғасып жатыр екен. Дегенмен осы уақыт ішінде тек бастапқы сот-медициналық сараптама мен тексеру ғана жүргізілген.
"Қалған уақытта іс алға жылжымаған. Қайтыс болу себебі нақты айтылмады. Күдіктілердің бар-жоғы да белгісіз. Жауапқа тартыла ма, белгісіз", – деді марқұмның бауыры Никита Ермолов.
Полиция өкілдері тергеудің әлі де жалғасып жатқанын, қосымша сараптама тағайындалғанын хабарлады. Енді эксгумация (марқұмның денесін қайта қазып, зерттеу) жүргізіледі.
"Егер тергеу үшін қажет болса, талқылаудың қажеті жоқ. Эксгумация болады. Бірақ бізге айтқанындай, адам тіндері тез шірімейді, бұл жағдайда эксгумацияның пайдасы жоқ сияқты. Бұл сыну емес, жол апаты да емес, оқ жарақаты да жоқ. Бұл жай ақымақтық сияқты", – дейді марқұмның бауыры.
Вячеслав Ермоловтың туыстары, егер эксгумациядан кейін де қылмыстық іс алға жылжымаса, Бас прокуратураға шағымданатындарын айтты. Артында кәмелетке толмаған үш баласы мен банк несиелері қалған, қазір бұл борыштарды отбасы мүшелері бірігіп өтеуге мәжбүр.
Айта кетейік, бұған дейін Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайтыны туралы жазған едік.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
