Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда төбелес кезінде ажал құшқан студент: Қылмыскер 9 жылға сотталды

Қарағандыда бейтаныс адаммен жанжал кезінде ажал құшқан 17 жастағы бірінші курс студенті Диас Кейкеновтің өліміне қатысыт сот процесі аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: m.ok.ru/Видеодан скрин

Қылмыстық істі Қазыбек би аудандық соты қарады. 21 жастағы қарағандылық азамат қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) айыпталды.

Марқұм Диас Кейкеновтың туыстары сотта қылмыстық істі адам өлтіру бабына қайта саралауды талап етті. Олардың айтуынша, айыпталушы Диасты қасақана өлтірген. Туыстарының сөзінше, өз достары мен Диастың достары арасындағы жанжалға куә болған қылмыскер мас күйде көшеге екі пышақ алып шыққан.

Алайда айыпталушының қорғаушысы мен туыстары жәбірленуші тараптың сөзін жоққа шығарды. Олар айыпталушының өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет еткенін айтады.

“Диас Кейкеновтың өліміне медицина қызметкерлері де кінәлі болуы мүмкін. Себебі олар дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетпеді”, – дейді адвокат.

Айыпталушының анасы да сот процесі кезінде ұлына араша түсті.

“Менің ұлым қылмыскер де, жауыз да емес. Бұл жағдай болмаса ол биыл диплом алар еді. Ол мектепте жақсы оқыды. Ұлынан айырылған отбасының да қайғысын түсінемін. Олардан шын жүректен кешірім сұраймын. Қайғыларына ортақпын. Соттың әділ шешім шығарады деп үміттенемін”, – дейді сотталушының анасы.

Екі тарапты тыңдаған сот айыпталушыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталушы моральдық және материалдық шығын ретінде 13 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді. 



Алайда марқұмның жақындары бұл үкіммен келіспейді. 

“Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сот тек 9 жыл берді. Оның бір жылдан астамын мерзімін тергеу кезінде қамауда өткізгенін ескерсек, ол 7 жылдан кейін еркіндікке шығады. Ал біз ұлымызды қайтара алмаймыз”, – дейді Диас Кейкеновтің әкесі Қарғаш Кейкенов.

Марқұм Диас Кейкенов 17 жаста еді. Ол Қарағандыдағы университетте дене шынықтыру мамандығының 1-курсында оқып жүрген.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға былтыр наурыз айында болған. Оразаның екінші күні, ауызашардан кейін бір топ жігіт досын көлікпен үйіне алып бара жатқанда көпқабатты үйдің ауласында 4 адам оған шабуыл жасайды. Диас досын қорғауға асығып, 20 жастағы белгісіз жігіт оның арқасынан бірнеше рет пышақ сұғып алған. Диасқа 2 операция жасалды, бірақ бір күннен кейін ол қан жоғалтудан және ауыр соққыдан қайтыс болды.

Талқылау