Қарағандыда полиция тұрғын үйдің шатырының шетіне қасақана кірпіш қойып кеткен жасөспірімдерді іздеп жатыр (видео)
Фото: Әлеуметтік желіден
Қарағандыда жасөспірімдер белгісіз мақсатпен тұрғын үй кешендерінің шатырының шетіне кірпіш қойып кетіп жүр. Облыстық полиция адамдардың өміріне қауіп төндіретін әрекетке барған балаларды іздестіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде желі қолданушысы қарағандылықтарды тұрғын үй шатырын тексеріп, қайғылы жағдайдың алдын алуға шақырды. Айтуынша, көршілері кездейсоқ үй шатырының шетіне қойып кеткен кірпішті байқап қалған.
“Бейнежазбадан жасөспірімнің жоғарыға көтеріліп, кірпішті қасақана қойып кеткенін көруге болады. Білмеймін, мүмкін бұл “Көк кит” секілді “балаларға арналмаған” ойынның бір түрі шығар”, – деп жазды Сұлтан Мұсаев.
Сондай-ақ ол басқа тұрғын үйдің бейнекамерасына да беті тұмшаланып, қалпақ киген жасөспірімнің кіріп-шыққаны түсіп қалғанын айтып, видеосын жариялады.
Желідегілер де таныстарының кірпішке қатысты қайғылы жағдайға тап болғанын айтты. Олар бұл жағдайды жылы жауып қоймай, дереу полицияға хабарлау керек деп, дабыл қақты.
“Тал түсте ағамның басына биіктен кірпіш құлады. Басының жартысы жоқ. Қанша рет ота жасалды. Бірақ бұзақылар сол күйі табылмады”, “Бұл – қасақана адам өлтіруге оқталу”, “Тауып, жазалау керек”, “Шатырға шығатын есік жабық. Ол құлыпты кірпішпен сындырған. Видеосы бар”, “Мынау сұмдық қой”, “Сәл жел соқса құлап кетеді ғой”, – деп жазды желі қолданушылары.
Фото: Әлеуметтік желіден/Есіктің құлпын сындырған
Полиция адамдарға қастандық ұйымдастырып жүрген жасөспірімдерге іздеу салды.
“Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде полиция қызметкерлері белгісіз жасөспірімнің көпқабатты тұрғын үйдің шатырында кірпіштерді орналастырып жүргенін бейнежазбадан анықтады. Мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді Аталған дерек бойынша құқық бұзушының жеке басын анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Жеке басы анықталғаннан кейін оның ата-анасы бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
“Жол ортасында қимылсыз тұрады”: Жеткіншектер арасында тағы бір қауіпті ойын пайда болды
Ақтауда бір-бірін талдырып ойнаған бала өле жаздады
Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров іс материалдары жиналып жатқанын айтты. Іс сотқа жеткен соң баланың ата-анасына айыппұл салына ма әлде қамауға алына ма, белгілі болады.
Ведомство айналадағы адамдар үшін қауіпті кез келген әрекет қатаң шаралар қолдана отырып тоқтатылатынын ескертеді. Полиция құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін ата-аналарды барынша қырағылық танытып, балаларының іс-әрекеттерін қатаң бақылауда ұстауға шақырды.

"Қазақша мәзір сұрағаным үшін қуып жіберді": Алматыда қонақтарға дөрекілік көрсеткен дәмхана сынға қалды
