Қарағандыда мейрамхана даяшысы 4 жасар бүлдіршіннің үстіне қайнаған шәй төгіп жіберген (видео)
Фото: Видеодан скрин
Қарағандыда мейрамхана қызметкерінің салғырттығынан төрт жасар қыздың аяғына қайнап тұрған шай төгіліп, ауыр күйік алды. Қазір бүлдіршін ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күйік алған қыздың анасының сөзінше, бүлдіршінге шәйді байқаусызда даяшы төгіп алған.
"1 қыркүйек күні отбасымызбен (мен, күйеуім және екі баламыз) үлкен қызымыздың қабіріне барып, Құран оқып қайттық. Бастапқыда мейрамханаға баруды жоспарламаған едік. Қайтып келе жатқанда қызым кафеге кіруді сұрады. Үйге барып ішейік, дегенге көнбеді. 4 жасар қызымызды ренжіткіміз келмей, жол бойындағы @shashlyk.house.krg кафесіне тоқтадық. Кіргенде бос орын жоғын айтып, күте тұруды сұрады. Шамамен 8–10 минут күтіп, тапсырыс бердік. Тапсырыс келген кезде даяшы табақты үстелге қойып үлгермей, шәй құйылған шәйнекті төгіп алды. Ол 4 жасар қызым Мәриямның үстіне шашырады. Күйеуім оны дереу көтеріп үлгерді. Әйтпесе, қайнап тұрған су жыныс мүшелеріне де жетер еді. Күйеуім оны жылдам шешіндірді. Қызымды көтеріп, дәретханаға апарып, күйген жерлерін суық суға салдым", –дейді әйел.
Анасының сөзінше, қызға қазір III дәрежелі күйік дәрежесі қойылған.
"Біраз уақыттан соң орнымызға қайта келдік. Мейрамхана әкімшісі спрей әкелді. Ал қызым дірілдеп, шыңғырып жылап жатты. Себебі екі аяғы бірдей күйген еді. Қызымның екі аяғына III дәрежелі күйік дәрежесі қойылды. Қазір біз ауруханада жатырмыз. Ол тек күйік жарасының ауырсынуымен емес, инъекция мен ем-дом жасаған сайын дірілдеп, шошып жатыр. Түнде ұйықтай алмай, шыңғырып оянады. Бұл оның психикасына қатты әсер етіп жатыр", – дейді әйел.
"Не істей аласың, күйетін бала күйді" деді
Әйелдің сөзінше, мекеме әкімшілігі бүлдіршін күйген кезде жедел жәрдем шақырмаған. Ал мейрамхана қожайыны "не істей аласың, күйетін бала күйді" деп дөрекі жауап берген.
"Шәйнек неліктен құлады? Себебі зал лық толы болғандықтан даяшылар абдырап, үлгермей жатты. Оның үстіне қызметкерлер кішкентай балалар отырған кезде ыстық сусынды қалай әкелу, қалай қою керегін білмейді. Ал мекеме басшылығы мен әкімшісі оларға мұны үйретпейді", – деп жазды әйел.
Дегенмен кейіннен жәбірленуші тарап мейрамхана басшылығымен сөйлескенін жеткізді.
“5 қыркүйекте директордың әйелімен телефон арқылы сөйлестім. Олар қызымыз ауруханадан шығатын күні келіп, өздері жолықпақ. Біз ешқандай өтемақы талап етпейміз. Өйткені ешбір ақша қызымыздың денсаулығын, жүйкесін, моральдық жағдайын қалпына келтірмейді”, – деп жазды әйел.
Ал Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазір баланың жағдайы қалай екенін айтты.
“2025 жылы 1 қыркүйекте 4 жастағы қыз облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Диагноз: қайнаған сумен күйген екі санының және сол аяғының табанының термиялық күйігі. Жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде”, – делінген хабарламада.

Министр Нұртілеуді ұстады деп жалған ақпарат таратқан Orda.kz құрылтайшысы кім және оны қандай жаза күтіп тұр?
