Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда ер адам жүріп келе жатқан автобустан құлап кеткен

автобус

Видеодан скриншот

Қарағандыда жолаушы қозғалыстағы автобустан құлап кетті. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккен азаматтың аяқ-қолынан жарақат алғаны. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда жолаушының автобустан құлаған сәті анық көрінеді. Пайдаланушылардың мәліметінше, оқиға №43 бағыттағы автобустардың бірінде болған.

Бейнежазбада ер адамның автобус салонына кіріп, ішке қарай өтпей, есік маңында тоқтап қалғаны байқалады. Осы сәтте есіктер толық жабылмай, қайта ашылған. Бұл жолаушының арқасындағы рюкзактың кедергі келтіруі салдарынан болғаны болжануда. Автобус қозғалысын жалғастырып, жолаушы жолдың үстіне құлап түседі. Көлік тоқтайды, зардап шеккен адамның айқайы естіледі, ал бірнеше жолаушы сыртқа жүгіріп шығады.

Қарағанды қаласы әкімдігінде бұл оқиғаның расымен де №43 автобуста болғанын растады. Жолаушыға медициналық көмек көрсетілген, қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде, жағдайы тұрақты.

"Алдын ала деректерге сәйкес, жолаушының арқасында рюкзак болған, ол, болжам бойынша, есіктердің толық жабылуына кедергі келтіріп, соның салдарынан автоматты қорғаныс жүйесі іске қосылған. Алайда жүргізуші есіктердің толық жабылғанына көз жеткізбей, қозғалысты бастап кеткен. Аталған автобустағы бейнебақылау камерасының жазбасы алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", – деп түсіндірді қала әкімдігінде.

Жағдайға №3 автопарк өкілдері де түсініктеме берді.

"Аталған автобустағы бейнебақылау камерасының жазбасын алып, жолаушының салонға иығында рюкзакпен кіргенін анықтадық. Ол есікке тым жақын тұрған, ал жолаушының иығындағы рюкзак есіктердің толық жабылуына кедергі келтірген. Сондай-ақ жолаушының тұтқадан ұстамағанына назар аударамыз. Автобус қозғалысты бастап, соның нәтижесінде жолаушы автобустан құлап кеткен", – делінген автопарк хабарламасында.

Тасымалдаушы компания жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

"Автобусқа міну кезінде салон ішіне өтіп, есік маңында кідірмеу қажет. Өзге жолаушыларға ыңғайлы болу үшін иықтағы рюкзактар мен көлемді сөмкелерді шешу керек. Сонымен қатар қоғамдық көлік қозғалысы кезінде өз қауіпсіздігі үшін жолаушылар тұтқалардан ұстауы тиіс", – деп атап өтті компания өкілдері.

Назархан Уән
Сенбі, 24 Қаңтар, 2026 09:24