Қарағандыда белгілі кәсіпкер өлімге әкеп соққан жол апаты үшін сотталды
Фото: Іnstagram.com/policeofkaraganda
Қарағандыда адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша үкім шықты. Қалаға белгілі кәсіпкер 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сүйенсек, жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан абайсызда бір адамның қаза табуына және үш адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруіне қатысты істі Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) Қазыбек би аудандық соты қараған.
Сот анықтағандай 2024 жылғы 2 қыркүйекте сағат шамамен 14:15-те айыпталушы Lexus LX570 автокөлігін басқарып, Аманжолов көшесімен Газалиев көшесінен Сейфуллин даңғылы бағытында сағатына 149,7 шақырым жылдамдықпен, яғни рұқсат етілген шектен асырып келе жатқан.
"Қауіпсіз арақашықтықты және бүйірлік интервалды сақтамай, тыйым салынған бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жол жағдайын дұрыс бағаламай, алдыңғы бағытта келе жатқан үш көлікпен соқтығысқан", – делінген сот қаулысында.
Соққы салдарынан бір көлік қарсы жолаққа шығып, қарсы келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан. Екінші көлік жолдың жиегіне шығып, жарық бағанасына соғылған. Бұдан бөлек, айыпталушының көлігі де қарсы жолаққа шығып, тағы бір автокөлікпен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан бір жүргізуші көз жұмды, ал үш адам орташа ауыр жарақат алды. Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен және басқа да істің материалдарымен дәлелденді.
Прокурор оған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды және 5 жыл көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап ең қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал қорғаушы тарап керісінше, бас бостандығынан айырмайтын ең жеңіл жаза қолдануды және рақымшылық актісін пайдалануды сұраған.
Сот бірнеше жеңілдететін мән-жайды ескерді, соның ішінде айыбын мойындауы, шын жүректен өкінуі, материалдық шығынды өтеуге және моральдық зиянды өтеуге қабылдаған шаралары, бұрын сотталмағаны, денсаулығының жай-күйі, Ауғанстандағы соғысқа қатысқаны және жағымды мінездемелері бар. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Бұған байланысты сот айыпталушыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға және 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға үкім шығарды. Азаматтық талап-арыздар да қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Абай облысында көлік қағып, қаза тапқан балалар ата-әжесіне қонаққа келген
Еске салайық, бұған дейін 19 тамызда Абай облысы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші Toyota көлігімен бір топ баланы қағып кетті. Жол апаты салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Жүргізуші ұсталды, ол мас болмаған. Қайтыс болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі. Президенттің тапсырмасымен Үржар ауданына дәрігерлер мінген әскери ұшақ жіберілді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, жағдай облыс әкімдігінің ерекше бақылауында.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
