Қарағандыда 15 жасар қызды "әйел ғып алған" ер адам 17 жылға сотталды
Фото: shutterstock.com
Қарағандыда 15 жасар қызға үйленіп, оны зорлаған "күйеуіне" қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағандыда 15 жастағы қыздың анасы мен өгей әкесі отбасылық таныстарына қызды тұрмысқа берген. Наурыз айында ер адам баланы жалдамалы пәтерге әкеліп, бірнеше рет зорлаған. Қыз пәтерден қашып шығып, туған әкесінен көмек сұраған.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық істі қарау аяқталды. Кәмелетке толмаған балаға қатысты қылмыс жасады деп айыпталған 37 жастағы ер адам сот алдында жауап берді.
Прокурор айыпталушыға ең жоғарғы жаза – 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда қорғаушы жазаны жеңілдетуді сұрады.
Қарағандыда 15 жасында тұрмысқа шыққан қыздың әкесі бұрынғы әйелі мен күйеуін соттауды талап етті
Іс материалдарымен танысқан сот сотталушының кінәлі ден тауып, оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған мұғалім болып жұмыс істеуге немесе кәмелетке толмағандар қатысатын лауазымдарды атқаруға біржола тыйым салынды.
“Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың берген жауаптары, сараптама қорытындысы, қылмыстық іс бойынша басқа да материалдар арқылы дәлелденді. Жеңілдететін мән-жайлар жоқ”, – делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, сот прокуратураға жәбірленушінің анасы мен өгей әкесінің әрекеттерін ықтимал заң бұзушылықтар бойынша тексеруді талап етіп, хат жолдады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысында ер адам 15 жастағы өгей қызын өз досына күштеп күйеуге бергені туралы жазған едік.

Әлеуметтік желіде танымал қала әкімі кім: Шымқала басшысы 109 мың, Петропавл әкімі 2 мыңнан аса адамға есеп береді
