Қарағанды облысының аудандарының бірінде жарық болмауы себебінен төтенше жағдай жарияланды
Қарағанды облысы, Шет ауданында тұрақты электрмен жабдықтаудың болмауы салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланды. Елдімекенде электр энергиясының тапшылығы бірнеше жылдан бері байқалып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram/shetaudany
"Шет-энерго" компаниясының қарауындағы тозған электр желілерінің салдарынан 15 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалып отыр.
Аталған ұйым 27 елді мекенге қызмет көрсетеді, бірақ өз міндеттерін толық орындай алмай келеді. Соңғы бірнеше жылда электр желілері жаңартылмаған. Сонымен қатар тексеру барысында компанияның қажет қуат қорының жеткіліксіз екені және апаттық-жөндеу бригадаларының жоқтығы анықталды.
Жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының деректеріне сәйкес, 2020 жылы 65 рет, 2021 жылы 80 рет, 2022 жылы 81 рет, 2023 жылы 93 рет электр қуаты өшсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 144-тен асты.
"Электр энергиясын қалпына келтіру үшін аудан әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр. Бұл – ауданның энергиямен жабдықтау саласындағы тәртіпті қалпына келтіріп, сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған қадам", – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров желідегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Астананың Есіл ауданындағы бірнеше тұрғын үй кешені мен әкімшілік ғимараттар кабельдің ұрлануына байланысты жарықсыз қалды. Әлеуметтік желіде жарықтың өшірілуіне қатысты шағымдар пайда болды. Астана аймақтық электржелілік компаниясы 13 желтоқсанда "Шұбары" қосалқы станциясында 10 кВ ұяшықтар ажыратылғанын хабарлады. Апат Есіл ауданында болған. Атап айтқанда "Арайлым", "Премиум", "Новый мир", "Нұрсая", "Парковый" тұрғын үй кешендері және Қонаев көшесі, 7 және 31 мекенжайындағы екі әкімшілік ғимарат жарықсыз қалды.