Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басқарған 24 адам сотталды
Астанада ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару дерегі бойынша айыпталған 24 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТАСС
Соттың мәліметінше, қылмыстық топ Қарағанды облысының аумағында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның қола бұйымдарын, швеллерлерін, ыстықтай иленген прокаттарын, мырышталған табақтарын, рельстерін жүйелі түрде ұрлаумен айналысқан. Қылмыстық топ мүшелерінің арасында мекеменің қауіпсіздігіне жауапты күзет агенттігінің күзетшілері де бар.
Сонымен қатар күдіктілер Х және Ж 2016 жылдың маусымында күзет агенттігінің күзетшілері бола отырып, қару қолдану арқылы өз өкiлеттiктерiн өз қызметiнiң мiндеттерiне қайшы пайдаланған. Сотталушы Ж өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты билік өкілінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданған, ал Х денсаулыққа қасақана зиян келтірген”, – делінген сот хабарламасында.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың бұрынғы мүшелерін әртүрлі мерзімге – 6 айдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Бірнеше сотталушы шартты түрде сотталса, ал үшеуі ақталып шықты. Тағы бір күдікті үкім шығарылғанға дейін көз жұмған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған қылмыстық топты басқарды деген айыппен Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) сотталған еді.