Қарағанды облысында тұрғындар уәде етілген жылу қосылмағанын айтып шағымданды
Қарағанды облысы Шахан кентінде 2017 жылғы қазандық жарылысынан кейін жаңа орталық қазандық салынғанымен, кейбір жабдықтар жобадан алып тасталған. Уәде етілген жылу жеке секторға жетпей, көпқабатты үйлердің шеткі бөліктерінде де толық қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Шахан кенті тұрғындары тағы да жылу мәселесіне шағымданды. 2017 жылы мұнда жылу қазандығы жарылып, 9 адам қаза тапқан еді. Сол қайғылы оқиғадан кейін кентте орталық қазандық салынса да, кейбір жабдықтардан бас тарту туралы шешім қабылданған. Шаханда қазандық салынғанда, жылу барлық тұрғындарға, тіпті жеке секторға да беріледі деп уәде етілген. Алайда 3 жыл өтсе де, жеке үйлерге магистралдық жылу жетпей, көпқабатты үйлердің шеткі бөліктеріне де дұрыс бармаған.
Шахан кентінің тұрғыны Валентина Донченко жылу қосымай, тоңып отырғанын айтты. Оның айтуынша, тұрғындар әкімге жүгінсе де еш шара қолданбаған. Құрылыс барысында жобадан жылуды тарататын орталық жылу пункттері алып тасталған. Бұл пункттер жеке секторды да орталық жылуға қосуға мүмкіндік берер еді.
Ал Шахан кентінің әкімі Ғалым Өмірбеков қазіргі орталық жылу пункттерінің жобасы әзірленгенін айтты.
"Сараптамадан өтіп, ал бюджетке өтінім министрлікке жіберілді. Бұл – үшінші рет жіберілген өтінім. Бірінші өтінім 2023 жылы берілді, бірақ қабылданбады. 2024 жылы да өтпеді", – деді кент әкімі.
Шахан тұрғындары жылу мәселесіне шағымданып жатыр. Көпшілігі – бұрынғы шахтерлер, бірақ қазір көмірді сатып алуға мәжбүр. Зейнеткер Сергей Абрашкиннің айтуынша, бір маусымға көмір алу 200 мың теңгеге түседі, ал уәде етілген орталық жылу әлі жоқ.
Қоғам белсендісі Светлана Ержұманова биліктен 1,3 миллиард теңге бөлуді талап етіп жатыр. Алайда 2025 жылға қаржы қарастырылмаған. Газдандыру жобасынан да Шахан алып тасталды, себебі мұнда орталық қазандық салынған, бірақ ол толық қуатында жұмыс істемейді.
Еске салайық, бұған дейін Абай ауданында бірнеше елді мекеннің тұрғындары жарықсыз қалғанын жаздық. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі 19 желтоқсанға қараған түні Аягөздегі Қабанбай көшесінде трансформатор өртенгенін мәлімдеді. Облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі Аягөздегі орталықтандырылған қосалқы станцияда 23:20 шамасында болған өртке байланысты қазір қалада жарық толықтай өшірілгенін айтты.