Қарағанды облысында ірі қарадан қарасан анықталып, карантин жарияланды
Қарағанды облысында ірі қарадан қарасан ауруы шықты. Қарқаралы ауданындағы Сартау қыстағында бірден 14 бұзау баудай түсіп, карантинге жабылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәліметтерге сенсек, Қарқаралы ауданы Мамыраев ауылына қарасты Сартау қыстағында 15 шақты бұзау айналдырған екі үш күнде арам қатқан. Аумақтың ветинспекция мамандары өлекселерден сынама алып, зертханаға жолдаған.
Сараптама қорытындысы ірі қаралар қарасан жұқтырғанын растаған. Бұл кесел негізінен аша тұяқты жас төлге топырақ пен лай судан жұғады. Асқынғанда бұлшық еті қабынып, ішек-қарны мен бауырын ыдыратады. Қазір қолда бар малдың бәріне екпе салынып, қора жайлар залалсыздандырылды. Қыстау карантинге жабылды.
Қарағанды облысы ветеринария инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев ауыл карантинге жабылғанын айтты.
"Карантин қойылуына байланысты өлім-жітімге ұшыраған малға, он төрт басқа республикалық бюджеттен нарық бағасы төленеді. Топырақтағы инфекция малға қауіпті. Үш айлықтан бір жылға дейінгі төлдерге қауіпті, олар көтере алмайды. Ал ересек мал оны жұқтыра қоймады", – деді Ержан Бекетбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен 4 адам ауруханаға жеткізілгені айтылды. Төртеуінің нәтижесі теріс, тағы бір науқастың анализі нақтыланып жатыр. Науқастардың барлығы қажет ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы тұрақты.