Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында екі отбасы бір қабірге таласып жатыр

екі отбасы бір қабірге таласып жатырФото: Видеодан скрин

Қарағанды облысында екі отбасы бір қабірдің кімге тиесілі екенін анықтай алмай, дауды сотта шешіп жатыр. Марқұмдар бір апта айырмашылықпен жерленгенімен, кейін қабірдің үстіне бөтен адамның қоршауы мен құлпытасы қойылғаны белгілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды қаласының тұрғыны Айгүл Жамиленова анасы 2024 жылдың қарашасында Бұқар жырау ауданы Кұрылыс ауылындағы мұсылман зиратына жерленгенін айтады. Қабір орнын зират қараушысы жеке кәсіпкер көрсетіп, қазу және абаттандыру жұмысына 160 мың теңге алған.

Жазда Айгүл күйеуімен бірге мазар тұрғызуға барған кезде, өздері жерлеген орынның үстінде бөтен адамның қоршауы мен аты-жөні жазылған құлпытас тұрғанын көрген.

"Қабірді қазған адамға қоңырау шалдым. Ол келіп, бұл біздің қабір емес, қателескенсіздер деді. Айтуынша, бұл жерге досы өз тәтесін жерлеген, қабірді де өзі қазып берген екен", – деді Айгүл Жамиленова.

Айгүл әлгі адамды тауып, қоршауды алып тастауды талап еткен. Алайда ол бас тартқан және қабірде өзінің туысы жатқанын айтқан. Әйел полицияға арызданғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған. Кейін ол Бұқар жырау аудандық сотына жүгініп, қоршауды бұзуды және эксгумация жасауды сұраған. Бірақ сот талапты қанағаттандырмай, эксгумациядан да бас тартқан.

Жеке кәсіпкер Амангелді Жүнісов бір қабірде екі адамның жатуы мүмкін емес екенін айтады.

"Меніңше, клиенттердің бірі қабір орнын шатастырып алған. Өкінішке қарай, ол жерде ресми әкімші жоқ, нақты есеп жүргізілмейді", –деді Амангелді Жүнісов.

Айгүл болса, анасының жерлеуіне 40 адам қатысқанын айтып, қабір орнын бәрі бірдей ұмытып кетуі мүмкін емес дейді. Адвокат Бауыржан Ізделеуов сот шешіміне апелляциялық шағым бергенін айтады.

"Сот эксгумация түріндегі сот-медициналық сараптама тағайындаудан бас тартты. Ал дәл осы сараптама даулы жерде нақты кім жерленгенін анықтайтын негізгі дәлел болар еді", – деді адвокат.

Айгүлдің айтуынша, егер басқа адамның ескерткіші сол жерде қалса, анасына барып құран бағыштайтын орны болмай қалады.

"Мен анамның сол жерде жерленгеніне сенімдімін. Егер басқа адамның ескерткіші қойылса, анама барып зиярат ететін жерім қалмайды", – деді Айгүл Жамиленова.

Егер апелляциялық сот алғашқы шешімді күшінде қалдырса, қорғаушы қайтадан қылмыстық іс қозғау туралы өтініш бермек. Қажет болса, прокуратураға да жүгінетінін айтты.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда зираттан ескерткіштер мен қоршауларды тиеп алған жүк көлігі тұрғындарды шошытты. Куәгер әйел болған жағдайды видеоға түсіріп, полиция қызметкерлерінен түсініктеме сұраған. Бірақ олар нақты жауап бере алмаған. Тіпті қандай да бір түсініксіз құжатты көрсеткен.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 08:55