"Аузында қанға толған дәке": Қарағанды облысында бүлдіршін балабақшада жарақат алды
Фото: Видеодан скрин
Қарағанды облысы Шахтинск қаласының тұрғыны балабақшадан бір жарым миллион теңге өндіруді талап етіп отыр. Айтуынша, 5 жасар ұлы әткеншектен құлап, ауыр жарақат алған. Сол сәтте балабақшада медицина қызметкері болмаған, ал қызметкерлер кешірім де сұрамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Екатерина Малинаның сөзінше, мамыр айында оның ұлы Никита әткеншектен құлап, тісімен қатты соғылған. Жедел жәрдем шақырылмаған, ал медбике жұмыс орнында болмаған. Алғашқы көмекті тәрбиеші көрсеткен. Анасына хабарлап, баланы күтушісі алып кеткен.
"Балам жұмыс орныма келді, аузында қанға толған дәке, жылап тұр. Бұрын мұндай жағдай болмаған еді. Әрине, қатты уайымдадым. Жүйкем тозды, ал балабақша тарапынан ешқандай жауап та, кешірім де болған жоқ", – деді анасы Екатерина Малина.
Екатерина өзі жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарласқан. Ұлын Қарағандыдағы ауруханаға жіберді. Дәрігерлер үш тісі тайып кеткенін анықтады, бала тамақ іше алмаған. Тістері түспегенімен, әлі күнге дейін қақсап, босап тұр, оларды жұлу қажет. Анасы мемлекеттік органдарға шағым түсірді. Балабақшада полиция, медицина және фармацевтикалық бақылау, төтенше жағдай қызметі тексеріс жүргізді. Әткеншектер талапқа сай деп танылды. Алайда балабақшада жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілер табылды.
"Салтанат" балабақшасының директоры Ирина Обердерфертің айтуынша, олар мамыр айында, мекеме жөндеуге жабылар алдында ғана мерзімін өткізген.
"Шахтинск қаласының полициясы бұл жағдай бойынша іс қозғаған, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты ол жабылды. Қазір баланың анасы Екатерина Малина 1,5 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр", – деді директор.
Тексерістен кейін директорға, тәрбиешіге және медбикеге айыппұл салынды. Алайда директордың айтуынша, мемлекеттік балабақша сот шешімі шыққан жағдайда ғана төлем жасай алады.
Адвокат Илья Махловтың айтуынша, балабақша қызмет көрсетуші, ал қызмет көрсетуші көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігіне толық жауап береді.
"Сондықтан сотқа жүгіну мүмкіндігі бар. Оның үстіне балалардың қауіпсіздігіне жауапты адамдар – тәрбиеші, медбике және басқалар жауапқа тартылғаны дәлел ретінде ескеріледі", – деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, егер сот анасының баласына жеңіл жарақат келгенін растаса да, мұндай дауларда үлкен өтемақы тағайындалмайды. Әдетте ол 100 мыңнан 300 мың теңге аралығында белгіленеді.
Қазақстанда балабақша иесі көлік үстіне шатыр құлағаны үшін қомақты қаржы төлейді
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бір жарым жасар қыз балаға қатарындағы балалардың бірі зәбір көрсеткен. Анасының айтуынша, оқиға кезінде топта тәрбиеші болмаған. Қызды 40-50 минут бойы ұрып, тістеп, буындырған сәт бейнебақылауға түсіп қалған. Бала қатты жылағанымен, күтуші қайта келмеген.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
