Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында әкесі жасөспірім қызын күштеп тұрмысқа берген: 38 жастағы "күйеужігіт" ұсталды

Қарағанды облысында 15 жастағы қызға үйленген 38 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: istockphoto

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, 38 жастағы ер адам 15 жастағы қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

“15 наурызда полицияға арыз түскеннен кейін бірден қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу аясында болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті сот сараптамалары жүргізілуде. Кәмелетке толмаған жәбірленушімен психологтар жұмыс істеп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқықтарын қорғау комитеті бүгінде жасөспірім туған әкесінің қасында екенін хабарлады.

“Оған психологиялық көмек көрсетілуде және құқықтық қолдау берілетін болады. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл әкесімен байланыста, сондай-ақ ол өгей әкесі мен анасын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайды өз бақылауында ұстап, баланың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда”, – дейді министрлік мәлімдемесінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағанды облысының Абай ауылында өгей әкесі қызын күштеп күйеуге бергенін, 38 жастағы досы оны бес күн бойы зорлағанын жазғанбыз.

Талқылау