Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар": Денсаулық сақтау министрі халыққа үндеу жасады

Ақмарал Әлназарова - министр

Фото: instagram.com/akmaralalnazarova

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігер мен мейіргерге жасалған соққыға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің үндеуі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланды.

"Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!", – деп жазды Ақмарал Әлназарова.

Ол Қарағанды мен Қостанайда болған екі жағдайға пікір білдіріп, "Адам қаншалықты деңгейде қатыгез және мейірімсіз болуы керек?" – деп қынжылады.

Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Министрдің айтуынша, пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған.

"Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы ауыр. Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұл тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы", – деп мәлімдеді министр.

Денсаулық сақтау министрі шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері онсыз да қаупі жоғары аймақтар екенін айта келіп, дәрігерлерге шабуыл жасағандарға жауапкершілік күшейтілетінін атап өтті.

"Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биылғы қыркүйекте парламентке енгізіледі. Мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет", – деді ол.

Сондай-ақ ол медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты Ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

"Барлық медициналық ұйым бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуге тиіс", – деп жазды министрлік басшысы.

Министр халықты барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырды.

"Біз балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйретуіміз керек", – дейді ол.

Министрдің мәлімдеуінше, жапа шеккен дәрігердің өмірін сақтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажет әрі батыл шараны қабылдайды.

"Ертең дәрігер санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, білікті мамандардың қатысуымен әрі қарай ем қабылдайды", – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Қостанайда науқастың шабуылынан кейін дәрігер комаға түсіп қалғанын жазған едік. Бұл жайтқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов пікір білдіріп, мұндай жағдайлар қоғамда тұрғындар тарапынан қатаң айыпталуы керегін мәлімдеді. Сонымен қатар аймақ басшысы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіп-қатерге ұшырауына жол бермейтінін атап өтті.

Аида Тақабаева
Жұма, 18 Шілде, 2025 09:42
Талқылау