Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Карачиде наразылар АҚШ елшілігіне басып кірді: Қауіпсіздік қызметі оқ атып, тоғыз адам қаза тапты

Фото: EPA/Shutterstock

Иранның жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан соң, Карачидегі АҚШ елшілігінің алдына наразылық білдірушілер жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жиналған топ “Израильге өлім, Америкаға өлім!” деп ұрандап, кешеннің сыртқы қоршауын бұзып өткен. Осыдан кейін елшіліліктің қауіпсіздік қызметкерлері наразыларға қарсы оқ атқан.

Карачи қаласының жергілікті билік өкілі Сукхдев Ассардас Хемнанидің айтуынша, наразылар сыртқы қауіпсіздік шебін бұзған соң елшілік қарсылық білдірген. Оның сөзінше, олар бас қақпа маңындағы автокөлікті өртеп, полициямен қақтығысқан.

“Біз консулдық қызметкерлерімен тұрақты байланыстамыз. Олар қауіпсіз жерде”, – деді ол.

Полиция мәліметінше, кемінде тоғыз наразылық білдіруші қаза тауып, тағы 34 адам жараланған. Карачидегі азаматтық аурухана өкілдері қаза тапқандар мен жараланғанға оқ атылғанын хабарлады.

Reuters агенттігінің тілшілері кешен маңында оқ атылғанын естігенін, көшелерде көзден жас ағызатын газ қолданылғанын мәлімдеді. Желіде тараған видеода наразылар Хаменеи суретін ұстап, қақтығыс басталғанға дейін антиамерикалық ұрандар айтқаны байқалады.

Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты елімізден Таяу Шығысқа баратын рейстер тоқтатылғаны туралы жазған едік. Осыдан бір күн бұрын сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға жағдай тұрақтанғанша Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынған.

Жағдайдың мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Наурыз, 2026 21:00