Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қара дуаның құрбаны болған ақтөбелік әйел адам сенгісіз өмірі туралы айтты

Ақтөбелік келіншек қайын жұртының істеген дуасынан кейінгі өмірін айтып берді. 30 жылға жуық буын ауруымен арпалысып, 12 жылдан кейін төсектен тұрған ақтөбелік әйелдің оқиғасы адам сенгісіз. Оның тағдыры төсекте жатып жамбасы ойылған, қоларбада отырып, өмірден түңілген, салы суға кеткен дені сау адамдарға ой салары хақ.

Бұл туралы “Керек инфо” жазды, деп хабарлайды Stan.kz.

Ақтөбелік Роза Акилованы дуа да, ауру да, сөз де, көз де сындыра алмады. Роза Құдайбергенқызы 1964 жылы Қобда ауданында дүниеге келген. Үйде қыздан жалғыз. Ата-анасының махаббаты мен қолдауына бөленіп өскен қыз мектепте де, университетте де алғыр, пысық, өжет болады. Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүріп, 9 сыныпта бастауыш сыныптарға сабақ береді.
– Сағат 1-де үйге жүгіріп келіп, мектеп формамды шешемін де, көк көйлегімді киіп ап, сабақ беруге қайта кететінмін. Бірақ неге маған бұл жұмысты тапсырғандарын түсінбедім. Бір айдай оқуға кеткен мұғалімнің орнында жүрдім. Спортқа да бейім болдым. Өлең де жаздым, газетке де шықтым. Қандай шара өтсе де, бәрінің басы қасында қызыл белсенді Роза жүретін (күлді-ред.),- дейді өзі.
Оқу бітірген қыздың әу бастағы арманы дәрігер болу еді. Әйтсе де еркелікпен Уфаға заң оқуына түсуге бел байлайды. Конкурстан өте алмай, кешкі мектепке қабылданады. Кешкі мектептің біліміне қанағаттанбаған алғыр, қиялшыл қыз Ақтөбеге қайтып келіп, М.Оспанов атындағы медициналық университетке оқуға түсіп, гинеколог мамандығын игеріп шығады. 4 курста тіс технигі мамандығын бітірген ембілік жігітке тұрмысқа шығады. Оларды жолдамамен Қазақстанның оңтүстігіне жібермек болады. Алайда енесі жалғыз ұлын Жамбыл қаласына жібермей, алып қалады. Жамбылда бір-ақ жыл тұрса да, Роза апай ауруханада дәрігер болып әрі медициналық училищеге сабақ беріп жүреді. Сол жақта ұлы Серікті босанады. Алайда алты жылдан кейін Роза Акилова мен күйеуі ажырасып тынады.
– Екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Енем Жамбылға ұлын жібермей, әлек қылған соң, бір жылдан соң, өзім Ембіге қайтып келдім. Сол кезден бастап анасы жағынан қызғаныш басталды. Тіпті “араларыңа жатамын” деген күндері болды. Куәгерлері де бар. “Гинеколог болмайсың”, “маған оқыған қыз емес, оқымаған қыз керек” деп жиі айтатын. 90 жылдары аудандық аурухананың да жағдайы нашар болды. Білікті кадрлар жоқ, тіпті ыстық су да жоқ. Күн-түн демей шақыртулар жиі болатын. 5 күн бойы ұйықтамаған күндерім болды. Босанушы келіншектердің легі көп. Отадан – отаға, одан қалса қан құюды қадағалайтын жауапты дәрігермін. Мұндай келін қай енеге ұнайды? Үйдің шаруасына да үлгеріп жүрдім. Негізі шапшаң қимылдайтын адаммын ғой,- дейді кейіпкеріміз.
Дегенмен, ерлі-зайыптының жолы екіге айырылып, Роза ұлын арқалап, қалаға келеді. Анасы бір бөлмелі үй әперіп, көп ұзамай БСМП-ға гинеколог боп жұмысқа кіріп, сүрініп қайта тұрғандай болады. “Көресіннің бәрі осы кезден басталды” дейді кейіпкеріміз сөзін жалғап. Артынан сөз еріп, неше түрлі өсек-әңгіменің ортасында қалған жас келіншек туған үйінде қонақтардың көзіне түсуге ұялатын халге жетеді. Жылаған күндері көп болады. Бірақ ол болған оқиғаларға ешқашан өзін кінәлі санаған емес.

Қара дуаның кесірі мен әлегі
1989-1990 жылдары саусақтары солқылдап ауыра бастағанда, дәрігер ретінде буын ауруы диагнозының “ауылы” жақын екенін өзі сезіп жүреді. Аяқ астынан тап болған дерт бірте-бірте меңдеп, буын-буындарын одан әрі сырқырата бастайды.
– Ойымда түк жоқ. Жеңіл жүріп, аяқ-қолыма суық тигіздім деп айта алмаймын. Ота кезінде жараның жібін байлай алмайтын жағдайға жеттім. Қайта-қайта бруцеллезге қан сараптамасын тапсырып, не себеп болғанын біле алмай жүрдім. “Ревматоидты полиартрит” деген диагноз қойылғанмен, мені емдеген Елена Сераглазова деген дәрігер “Роза, бұл аурудың бастауын басқа жерден ізде” деп жиі айтып жүрді. Енді айтуға ауыз бармайтын жағдай. Ешкімге жамандық жасап, ала жібін аттамаған едім. Білуімше, мен Жамбылға кеткенде қайын жұртымдағы бір адамдар жүгіммен барған көрпелердің ішіне бастан, қолдан, аяқтан деп жіппен тігіп тастаған. Оны маған Түркістаннан телефон шалған емші айтты. Естіген кезде аяқ-қолым ұйып, есімнен танып құладым. Кейін сол көрпелердің ішін сөгіп, көзіміз жетті ғой. Бірақ сол кездегі дуаның бетін қайтару жолын білмей, көрпені суға ағызып жібердік. Сол дұрыс болмады ғой деймін. Ең қиыны, төсекке құлап, қайта тұрып жүргенімде қолым басыма жетпей, қап-қара, ұзын шаштарымды қиып тастадым. 1998 жылы дамылсыз жұмыс пен қым-қуыт тірлікпен жүріп, ауруым асқынып кетті. Себебі шаруаның бәрін беріліп істегенде, өзімді ұмытып кететінмін,- дейді ол.
Роза Акилованың Жамбылда, Ембіде, Ақтөбеде істеген қызмет жылдарын қосқанда барлығы 20 жылға жуық тәжірибесі бар. Аяқ асты жабысқан ауруымен қалай күрескенін білгіміз келгенмен, кейіпкеріміз ауруы туралы емес, әйелдерді сәтті босандырып, елдің алғысына бөленген қайран шақтарын көбірек айтуға құмартты. Азды-көпті еңбегінің нәтижесіне орай Роза Құдайбергенқызының ауыз толтырып айтар естеліктері көп екен. Роза мен ұлы Серік аттас сәбилерді айтпағанда, түсік жасатпақ болған Айнагүл есімді бейтаныс келіншекті үйіне паналатып, сәбидің аман-есен дүниеге келуіне көмектеседі. Қазір Аруза – бойжеткен қыз. Роза апайды “Ақ мама” дейді. Тіпті ажырасып кеткен күйеуінің екінші әйелін де сәтімен босандырып алады.
– Роза, мұның не деп әріптестерім түсінбей жүрді. Мен оларға алдыңа қас жауың келсе де, дәрігер үшін барлық пациент бірдей деп тоқ етерін айттым,- дейді ол.
Оның фармацевт, терапевт болуына да мүмкіндігі болды. Бірақ жаны практик дәрігер болуды, ота жасауды, қиын босануларды қабылдауды қалады. Ауруы жанына батып жүрсе де, дәрігерлік қызметтен қол үзген Роза Акилова кәсіппен де айналысып, көлік мінеді. Атасы дүние салар шағында көзіне жас алып, кешірім сұраған екен. Көп ұзамай атасының жаназасына қатысып қайтады. 2004 жылға дейін буындарын баса алмай, бір құлап, бір тұрып жүрген Роза апай сол жылы төсекке бақандай 12 жыл таңылатынын мойындамады. Бірақ аурудың өршіп кеткендігі соншалықты аяқ-қолдары жансызданып, трубкамен ғана шай іше алатын жағдайға жетеді. Тірі өліктің күйін кешкен әйелдің тауы сонда да шағылмайды. Дәрігерлердің емінен бөлек, емшілердің де көмегіне жүгінеді. 2016 жылы ғана қоларбадан балдаққа, балдақтан өздігінен жүре алатын жағдайға жетеді. “Мен – мүгедекпін” деп айтпақ түгілі емеурін де білдірмеген қайсар әйел анасының өмірден өтіп, аяққа тұрып кеткенін көре алмағанына өкініп, көзіне жас алды.

“Күн нұрынан қуат алдым!”
Дәстүрлі медицинада “гелиотерапия” деген ғылым бар. Табиғаттың “дәрігерлері” (күн, таза ауа, таза су) бар деп түсіндіретін ғылымда күн сәулесінің алар орны ерекше. Ол – табиғаттағы нөмірі бірінші “дәрігер”. Күннің сәулесі – бактерияларды жойып, ағзаға күш-қуат сыйлайтын алапат жаратылыс. Бірнеше рет екі аяғын қара саннан кесеміз дегенде тылсым күштің кедергі болғанын іштей сезген Роза Құдайбергенқызы райынан қайтып, төрт рет отаға жатып, екі аяғын сақтап қалады. Төртінші отаның кезінде вирусты инфекциямен ауырып қалып, хирург ота жасаудан бас тартады. Сонда Акилова “Мен Ақтөбеден келдім. Сендер менің кім екенімді білесіңдер ме? Мен – Әлия Молдағұлованың сіңлісімін!” дегенінде дәрігерлердің таңырқай қарағандарын есіне алып, бір күліп алды. Оған емшілердің “сен өзің аяғыңмен жүресің” деген бір ауыз сөзі стимул болады. Әрі қарай күн сәулесінің шуағының астында жағымды ой ойлап, жақсы сөз айтып емделуді бастап кетеді. Ем нәтижесін берді. “12 жыл бойы күнде түсіме енетін анам аяғымнан тұрған кезімнен бастап түсіме енуді қойып кетті” дейді Роза апай. Бұл қандай әдіс деп таң қалып отырған шығарсыз. “Құдай ауру берсе, оның емін де қоса береді” дейді емес пе?!

“Өз аяғым мен жүргенде той жасадым”
Араға 12 жыл салып, аяғымен жер басқанында бір уақытта жылап, бір уақытта күлгенін айтқан Роза апайдың жүзінен сол сәтті байқадық. Бұл – оның басынан өткен хикаясының ең жақсы көретін жері. Көзі жанып, дауысы зорайып, алғашқы әсерлерін үсті-үстіне айтып жатты.
-Той жасадым. Тойыма бүкіл туған-туысым жиналды. Аяғымның астына төсеген ақ матамен жүріп өткенімде, қайтадан тұсауымды кескендей күй кештім. Бостан-бос арам пиғылды адамдардың құрбаны боп кете бардым. Анам жиі “осы қызым ауырмағанда Қаратауды қайырып, Алатауды айырып жүруші еді. Көз тиді” деп айтатын.

“Саяхатшы боп, ел-жер аралағым келеді” 
Ақсаңдап жүрсе де, дәрігерлік жұмысына қайта оралуға ниеттен Акиловаға курстас достары дәрігерлік жұмыстың жүйкеге тиетін тұстары көп екендігін айтып, райынан қайтарады. Бос отыруды жөн көрмейтін Роза апай круиздік клубқа мүше болып, наурыз айында алғаш рет әлемнің қалаларын аралауға дайын отыр. Әлі де сол қалпы. Ертеңіне сенімді. Жалғыз арманы – ұлының бақытты болғанын көргісі келеді Ал, өзіне болашақта сенімді серік табылып жатса, қарсы болмайтынын жеткізді.
-54 жасыма дейін тағдырдың тауқыметін бір кісідей тартсам да, қазіргі жағдайыма, қазіргі күйіме налып-өкінбеймін. Үй шаруасында ауыр заттарды көтере алмағаныммен, демалып-демалып алып бәрін жасай аламын. Қолдарым онша икемге келмейді. Ақсаңдап жүремін. Ұлым жуынуыма көмектеседі. Көбіне тамаққа тапсырыс беремін. Үйімді арасында Аруза мен мамасы Айнагүл келіп, жинап береді. Енді осы үйді кеңейткім келеді. Бұдан да әдемі, кең сарайда тұруды армандаймын. Жазып жатқан кітабым бар. Бірақ аяқтауға қорқып жүрмін. Мүмкін әлі жарық көрер уақыты келмеген шығар. Менің хикаям мұнымен бітпейді. Тағдыр тезіне салған сайын мен де алға ұмытылып жүре беремін. Енді ештеңеден қорықпаймын (күлді-ред.),- дейді кейіпкеріміз.

Тағы оқыңыз:

Ақтөбелік ақын Назарбаевты құдайға теңеді

Психолог: Енелердің бір қателігі келіннің жақсы-жаман болуын баласынан көрмейді

Шымкентте жоғалып кеткен 2 жасар бала өлі күйінде табылды

Алматылық жігіт әйгілі әншінің концертінде сүйіктісіне ұсыныс жасап, залды шулатты (видео)

Талқылау