Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қар үйдің шатырына дейін жетті": Қазақстанда қатты боран болып, өңірлерде адамдар жоғалып жатыр

Қазақстанда қарлы боран басталды. Елдің шығысында тұрғындар үйлерінен шығу үшін қардан туннель қазуға мәжбүр болды. Таулы аймақтарда бір метрден астам қар жауып, сегіз ауыл жарықсыз қалды. Төтенше жағдай қызметтеріне адамдардың жоғалғаны туралы хабарлар түсіп жатыр. Ал қар басқан ауылдардан науқастарды ауруханаларға тек арнайы техникамен жеткізіп жатыр. Жабылған жолдарда жүздеген көлік жиналып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: ТЖМ

Абай облысында Аягөз ауданының жабық тас жолдарынан бес автобустағы 100 жолаушыны жылыту бекеттеріне жеткізді. Олар сол жерде ауа райының жақсаруын күтеді. Қарлы боранның қатты болғаны соншалық, құтқарушылар жоғалған адамдарды іздеуге кірісті. Шынқожа ауылының маңында 58 жастағы ер адам табылды. Ол көрші ауылға атпен шыққан, бірақ боранда жолдан адасып кеткен. Ал Мыңбұлақ ауылында 62 жастағы әйелді қалың қар басып қалғандықтан, құтқарушылар оны арнайы техникамен аудандық ауруханаға жеткізді.

Үржар ауданында қар кейбір жерлерде үйлердің шатырына дейін жетті. Тұрғындар қарды қазып, өздеріне жол ашып жатыр. Қар тазалау техникасы үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Сегіз ауылда электр желілерін қалпына келтіруге тура келді. Ауыр, ылғал қардың салмағынан ағаш бұтақтары сынып, сымдарды үзген.

Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев таулы аудандарда бір метрден астам, ал жазық жерлерде 50 см-ден астам қар түскенін айтады.

"Қазір 87 арнайы техника жұмылдырылды. 35 елді мекенде қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Үржар ауылындағы 118 көшенің 70%-ы қардан тазартылды. Бұл жұмыс жалғасады", – деді аудан әкімі.

Павлодар облысында төрт турист қар құрсауынан құтқарылды. Жас жігіттер Баянауыл ауданында демалуға барған, бірақ олардың көлігі демалыс аймағынан 10 шақырым жерде қарға батып қалған. Құтқарушылар көлікті тазарған жолға сүйреп шығарды.

"Үш досыммен Жасыбай арқылы тауға бармақ болдық. Ауа райының қолайсыздығын ескермей шыққандықтан, жолда қарға батып қалдық. Біздің қатемізді қайталамаңыздар. Жолға шығу үшін дұрыс ауа райын таңдаңыздар. Егер ауа райы нашар болса, үйде күте тұрған жөн", – деді турист.

Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ең маңызды жолдар жабылды. Жүздеген жүк және жеңіл көліктер боранның басылуын күтіп тұр.

"Көру мүмкіндігі төмен, көктайғақ, боран. 2025 жылғы 10 наурызда Теміртаудан Ақмола облысының шекарасына дейін барлық көлік түрі үшін жол жабық", – деді төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Ақмола облысында көлік кептелісі пайда болды: көптеген адам демалыс күндері елордаға немесе Бурабай мен Зерендіге демалуға шыққан. Үшсарт ауылының маңында әйел мен бала отырған көлік қарға батып қалды. Құтқарушылар оларды аман-есен алып шықты. Қатты қар Астанаға да түсті. Қаладан қар шығарып үлгермеген ауыр жүк көліктерінің саны мыңдап саналады. Барлық бағыттағы жолдар жабылды. Көру мүмкіндігінің нашарлауына байланысты қала маңындағы автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Батыс Қазақстанда да ауа райы нашарлап тұр. Хромтау ауданында дәрігерлер қолайсыз ауа райына байланысты науқасқа жете алмады. Сондықтан науқасты құтқарушылар арнайы техникамен жеткізді. Ал республикалық Самара-Шымкент тас жолында көктайғақ салдарынан жеті көлігі бар автовоз жолдан шығып кетті. Бұл көлікті дәл сол маңды бақылап жүрген құтқарушылар байқап қалды. Арнайы техника көмегімен жүк көлігі жолға шығарылып, жүргізуші сапарын жалғастырды.

Синоптиктердің болжауынша, қарлы боран мен аяз әлі бірнеше күнге созылады. Ауа райының жылынуы тек демалыс күндеріне қарай болжанып отыр.



Еске салайық, бұған дейін 10 наурыз таңға қарай Қазақстанның сегіз облысындағы 15 республикалық жолда қозғалысқа шектеу енгізілді.

Талқылау