Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған Қайрат Құдайберген мен "Дикий Арманға" 3 жылдан кейін үкім шықты

Қаңтар оқиғасында ұсталған Қайрат Құдайберген 8 жылға, ал Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 27 қаңтарда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Құдайберген Қайрат және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.

Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен ұсталған кәсіпкер Қайрат Құдайберген 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы қаласында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы,жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және азаматтарды ұрлағаны үшін сотталды.

“Сот анықтағандай, 2016 жылы ҰҚК-ның 5-департаменті басшысының орынбасары Искаков ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, Жұмагелдиевті серіктестікке көндірген. ҰҚК органдарының қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Ол бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқан. Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының барлық мүшелері,ұйымдастырушылық, функционалдық және аумақтық негізде топтарға бөлініп, тікелей оған бағынған”, – делінген хабарламада.

Искаков басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиев тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған. 2017 жылдың желтоқсанынан бастап Жұмагелдиев өзінің қылмыстық ұйымының қызметін Түркияда тұрып, қашықтан басқарған. Ол Қазақстан, Түркия және БАӘ-де, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен және мүшелерімен кездесу өткізіп тұрған.


"Бұл мемлекетте шындықты айтатын адам ешкімге жақпайды": Қайрат Құдайберген қазақ еліне хат жолдады


2022 жылдың басында Искаков, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды. Бұл үшін Жұмагелдиев 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстанға алдын ала келген.

“2022 жылы қаңтар оқиғалары кезінде Құдайберген "Қазақстан" қонақ үйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша көрсетілген адамдар, қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарған. Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматы қаласындағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтады. Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін "Халық кеңесі" түрінде конституциялық емес орган құру болған. Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкент қаласындағы қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған”, – делінген қаулыда.

Құдайбергеннің заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды "Қазақстан" қонақ үйінің маңында жинауды ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұл әрекетті бизнес нысандарын қорғауға көмек көрсету деген сылтаумен жасаған, алайда шын мәнінде Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздеген.

 

2022 жылдың 6-7 қаңтар аралығында Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған.

Сонымен қатар кейбір адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлық және "ҚДТ" ("ДВК") экстремистік әрекеттеріне қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген.

"The Ritz Carlton Almaty"қонақ үйінің маңында Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының шамамен 15 мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ішіндегі 5азаматты түсіріп алған. Жолаушылардың бірін, шабуылдаушылар басынан балғамен ұрып, есінен тандырған.


"Ұлыма белдемше кигізіп, видеоға түсірген": Дикий Арманның сыбайласынан зардап шектім деген әйел президентке үндеу жолдады


Осыдан кейін, жәбірленушілерді еркінен тыс қонақ үйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізіп, олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді іш киіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан.

Сонымен бірге, оларды жаппай тәртіпсіздіктерге және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген.

Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соғу әрекеттерін жасаған. Кейін, 24 ұсталған адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларында қамалған.

Бұдан бөлек Алматы қаласында тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы қаласының ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған.

Дәлелденген мәліметтер мойынша, Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысушылармен күресті тек көзбояушылық үшін ұйымдастырған және оның барлық әрекеттері, өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталған.

Құдайбергенге қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды және ол "Құрмет" орденінен айырылды. Жұмагелдиевке де енді қоғамдық қызметпен айналысуға болмайды.

Қайрат Құдайберген 2022 жылдың 22 сәуірінде Қаңтар оқиғасына қатысты деп ұсталған еді. Құдайберген жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және қатысты деген күдікке ілінген. Сонымен қатар тергеу нұсқасына сәйкес Жұмагелдиевпен бірге "Қазақстан" қонақүйінде жиын ұйымдастырған. 

Бұған дейін "Қалаулым" бағдарламасы арқылы танылған Бердах Бекетов Қаңтардағы бүлікке қатысқаны үшін 7 жылға сотталған еді.

Талқылау