Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлым қандай да бір істің куәгері": Қазақстандық жалғызбасты ана әскерге барған ұлын жындыханаға жатқызып тастағанын айтты

Сұлтан Шынтеміров жындыханаға түскен сарбаз

Фото: Видео кадрларынан скрин

Маңғыстау облысындағы әскери бөлімде 7 ай борышын өтеп, кейін жындыханаға жатқызылған сарбаз Сұлтан Шынтеміровтың анасы әділдік талап етуде. Жалғызбасты ананың айтуынша, асыраушым деп үміт артқан тұңғышын әскерде ұрып-соғып, қорлап, зорлық көрсеткен. Салдарынан Сұлтан өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Қазір үйіне оны психикалық ауытқуы бар деген диагнозбен есепке тұрғызып жіберген. Сарбаздың анасы кінәлілер ұлымды емдеп берсін деп талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Jas Аlash ютуб арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша ұлы Сұлтан әскерге өз еркімен бармаған. Ата-әжесінің үйіне қонаққа барған кезде оны көшеден ұстап алып кеткен. Кейін “егер әскерге бармасаң 5 миллион теңге айыппұл төлейсің” деп қорқытып, көндірген.

Арада 7 ай өткен соң, Лаура тағы бір сарбаздың анасынан ұлының психатриялық ауруханада жатқаны туралы естіген. 

“99 116 әскери бөлімінің психологы Баланың ауруханада жатқанын маған ескерттім деп өтірік айтқан. Ал мен білмедім баламның ауруханада жатқанын. 

18 жасқа дейін ұлымның денсаулығында кінәрат болмаған. Егер баламыз шынымен науқас болса, ант қабылдағанға дейін-ақ анықталар еді. Әскерге кетпей тұрып та баламды медициналық тексеруден өткізіп жүретінмін. Барлығы жақсы ешқандай тіркеуде болған жоқ. Ал қазір баламды есепке қойып тастап отыр. Ұлым емханаға түскенде тағы бір сарбаздың анасы хабарласып, “балаңыздың қай жақта жатқанын білесіз бе? Ақтаудағы жындыханада жатыр. Келе алсаңыз тез билет алып шығыңыз деді” деді. “Ойбай” деп естідім де, бірінші полицияға хабарластым. Полиция әскери полицияға хабарласты, солай-солай Ақтауға дейін жеттік. Барсақ, шынымен жындыханада жатыр. Не болғанын сұраған кезде осы оқиғаның барлығын маған ұлым айтып берді”, – деді Сұлтанның анасы. 

“Сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетіп, басынан күрекпен ұрған”

Жалғызбасты ана ұлы әкесіз болғасын көп қысымға ұшырады ма деп ойлайтынын да жасырмады. Себебі осындай жағдайға түскен өзге де балалар толық емес отбасыдан болған.

“Ұлым маған сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткенін, ұрып-соққанын, өз-өзіне қол жұмсауға итермелегенін айтып берді. Полигонда жұмыс істеткен, сол кезде басынан күрекпен ұрған. Білмеймін, баламды соншалықты қорлайтындай не ала алмай қалған өші барын. Қазір балам науқас болып келді. Тіпті ешкім ұрған-соққаны үшін кешірім сұраған жоқ. Біз балаларымызды пленге емес, әскерге отан қорғасын деп жібердік қой! Тіпті түрмеде де бұлай қорламайтын шығар. 

Баламды мүлдем танымаймын. Мұндай емес еді, ашық жарқын күліп жүретін. Қазір тұйық, тіпті менімен де сөйлеспейді, қатты өзгеріп кеткен. Мұның бәрі ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтың кесірі, оның үстіне жындыхана мен госпитальдың арасына жүріп, ол жақтан психологиялық жарақат алып өзгеріп кеткен. Ол жақта әр нәрсе үшін балаларды соққыға жығады екен, дәретханаға апарып қинап, кіші дәретке шығармайды екен. Осындай нәрселердің бәрін камера жоқ жерде істейді.  Маған моралдық өтемақы төлесін, боллмаса баламды емдеп берсін. Талып қала беретін ауруы жоқ еді төрт күн қатарынан жедел жәрдем шақырудамыз. Сенбесе келсін тексерсін. Мен жалғызбасты анамын, оны дәрігерлерге апаратын қаражатым жоқ. Сау қылып жібердім, сау қылып қайтарып берсін ұлымды”, – деді Лаура.

Сұлтанның өзі госпитальде санына белгісіз екпе салғанын алға тартты. Айтуынша, әлімжеттік бірінші күнен-ақ басталған екен. 

“Мұхамедов Қайрат деген кісі болған. Сол кісі тазалыққа тиісті. Біз тазаласақ та, ұрып соғатын. Сосын мен екінші ротаға ауыстыруын талап еттім. Ол жақта да келгелі бері ұрып соқты. Жуынатын кезде 2 минут береді, үлгермей қалсаң теуіп шығарады. Жұлқылайды, ауырып тұрсаң сол жеріңді қаттырақ ұрады. Бастан ұрады, күректің сабымен ұрыды, үстімізден тебеді. Шілде айында полигонға бардық. Ол жақта бір ай бойы ұрып-соқты. Одан кейін ертесіне полигоннан казармаға қайттық. Бөлімге келген соң бізді қайта тазалық жұмыстарына салды. Сосын балалар “кішкене демала тұрайықшы” деп едік, мені ұрып-соқты. Сосын дәретханаға кіргізіп, мүшесін шығарып, күш көрсетіп зорлық жасады. Мен шыдай алмай қолымды кестім”, – деді сарбаз. 

Лаураның аййтуынша осындай әлімжеттікті сержанттар жасаған. 



“Ұлым қандай да бір істің куәгері: Сол үшін психикалық ауытқу диагнозын қойды”

Сарбаздың анасы бұл диагнозбен мүлдем келіспейтінін алға тартты. 

“Менің балам ауру болмаса да есінің ауытқуы бар деген диагноз қойылып отыр. Себебі бұл жерде менің ұлым қандай да бір істің куәгері болып отыр. Сол үшін осындай диагноз. Тіпті балам қол қоятын кезде де неге қол қойып жатқанын білмеген. Госпитальға жатқызғанда да білмей қол қойдырған. Ешкім түсіндірмеген де. Бәрін жылы жапқсы келеді. Осыны президент естісе екен, қолға алса екен деймін. Балам қазір науқас болып келіп отыр. Келгелі бері есін жоғалтып, талып қала береді. Мен өз ұлымды білемін. 

Баламның болашағын уайымдаймын. Ол асыраушым деп отырған үйдің үлкені. Артында інісі мен қарындасы еріп келе жатыр. Ағасы бауырларын сүйрейді деп отырған баламызды мүгедек қылып жіберіп отыр. Бұл диагноз бойынша болашақта оны жұмысқа да алмайды. Себебі талып қала береді. Ертең эпилепсияға айналып та кетуі мүмкін. Өзімнің жүрегім ауырады. Негізінде отаға дайындалып жүргенмін. Егер маған бірдеңе болса, осы бала ғой қарындасы мен інісіне бас-көз болатын. Қатты уайымдаймын. Сап сау болып кеткен баланы сап-сау қылып, ем-домын жасап берсін деп талап етемін”, – деді Лаура.  

Бұл іс бойынша сотқа да барған. Адвокат та жалдаған. Бірақ сотан пайда болмаған. Жылы жауып қоя салған. Қазір келіншек әділеттілік орнап, ұлының денсаулығын емдеп беруді талап етеді. 

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында бірден 7 сарбаздың жындыханаға жіберілгені анықталған еді. Олардың қатарында Сұлтан да болды. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 16:07
Талқылау