Канаданың премьер-министрі кішігірім елдерді ірі державаларға қарсы бірлесіп әрекет етуге шақырды

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда Канада премьер-министрі Марк Карни кішігірім мемлекеттерді ірі елдермен бәсекелестікте өз мүддесін қорғауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Канада премьер-министрі Марк Карни кішігірім елдерді бірігіп әрекет етуге шақырды.
“Орта державалар бірлесіп әрекет етуі керек. Себебі, біз үстел басында болмасақ, мәзірдің бір бөлігіне айналамыз. Қуатты елдер қалағанына жету үшін экономикалық мәжбүрлеуді қолданады”, – деді Канада премьер-министрі.
Сондай-ақ ол Канаданың Гренландияға, Данияға және НАТО альянсына қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
“Ұлы державалар” деп әдетте Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері саналатын мемлекеттерді айтады. Олар Қытай, Франция, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ. Бұл елдердің мәртебесі айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді.
Ал орта державаларға Канада, Аустралия, Аргентина, Оңтүстік Корея және Бразилия сияқты елдер кіреді. Олар шағын экономикасына қарамастан, әлі де жаһандық саясатқа айтарлықтай әсер ете алады.
Карни өз сөзінде әлем “өтпелі емес, бетбұрыс кезеңінде” екенін айтты.
“Ұлы державалар экономикалық интеграцияны қару, ал тарифтерді ықпал ету құралы ретінде қолданып отыр. Сондай-ақ қаржылық инфрақұрылымды мәжбүрлеу құралы және жеткізу тізбектерін осалдық ретінде пайдалана бастады”, – деді ол.
"Еліміз сатылмайды": Гренландия мен Дания тұрғындары Трампқа қарсы жаппай ереуілге шықты
Гренландия қорқады, Канада дайындалуда: Трамп аралға басып кіру жоспарын әзірлеуді тапсырды
Марк Карни географиялық орналасу мен тарихи одақтар енді қауіпсіздік пен тұрақты өркендеуге кепіл болмайтынын Канада алғашқылардың бірі болып мәлімдегенін айтты.
Трамп билікке оралған соң Канаданы “51-штат” деп атап, оны “экономикалық күш” арқылы АҚШ-қа біріктіретінін айтты. Сосын Вашингтон солтүстік көршісі әрі ірі сауда серіктесі саналатын Канадаға жоғары кедендік баж салығын енгізді. Соған қарамастан, Канада басқа нарықтарға экспорт көлемін 14% арттырды. Бұл АҚШ-қа жеткізілімнің қысқаруынан келген шығыннан да жоғары көрсеткіш болды. Жуырда Марк Карни Қытаймен ауқымды әрі амбициясы зор сауда келісіміне қол қойды.
Жақында Дональд Трамп Гренландияны бақылауға алу жоспарына Канаданы да қосып, әлеуметтік желіде АҚШ, Канада және Гренландия бейнеленген карта жариялады. Картаға АҚШ туының бейнесі жапсырылған.
Марк Карнидің айтуынша, Канада НАТО-ға мүше ел ретінде Гренландия мен Данияны және “Гренландияның болашағын өз халқы айқындауға арналған ерекше құқығын” толық қолдайды.
“Біз 5-бапта көрсетілген міндеттемеден ешқашан айнымаймыз. Бұл НАТО келісіміндегі қағида, оған сәйкес альянсқа мүше бір елге жасалған шабуыл барлық мүше елге жасалған шабуыл ретінде қарастырылады”, – деді Марк Карни.
Канадалық БАҚ Гренландияға дат және өзге еуропалық әскерлермен бірлескен әскери жаттығуларға қатысу үшін Канаданың шағын әскери контингент жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Бұл мәселеге Канаданың сыртқы істер министрі Анита Ананд жауап берді.
“Біз НАТО жаттығуларына да, Канаданың өз қарулы күштері өткізетін жаттығуларға да тұрақты түрде қатысып келеміз. Болашақта әскер орналастыру жөніндегі шешімдерді Ұлттық қорғаныс министрі мен Қорғаныс штабының басшысы қабылдайды”, – деді Анита Ананд.
Марк Карни өзгеріп жатқан геосаяси жағдайға бейімделу үшін Канада қазір басқа елдермен өзара іс-қимылды күшейтуге әрекет етіп жатқанын айтты. Ол ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген “әртүрлі коалициялар” құруға басымдық беріп отырғанын жеткізді.
Премьер-министр Канаданы тұрақты әрі сенімді серіктес деп атады. Сондай-ақ Қытай және Қатармен жасалған соңғы сауда және инвестициялық келісімдерді, Еуропалық одақ пен қорғаныс саласындағы сатып алулар жөнінде қол қойылған құжатты ерекше атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген еді. Артынша Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды.
TikTok LIVE Fest 2025: Қазақстандық креаторлар әлемдік деңгейде топ жарды