Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Канаданың бұрынғы премьер-министрі Трампты ақылға келуге шақырды

Канаданың бұрынғы премьер-министрі Трампты "қарт кісі секілді ойланып", ақылға келуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Globe and Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Коллаж: Stan.kz

Елдің бұрынғы премьер-министрі 91 жастағы Жан Кретьен канадалықтардың өз тәуелсіздігін бағалайтынын жеткізді. 

“Канадалықтар өз елін жақсы көреді. Олар өздерін қорқыту мен қорлауға көнбейді”, – деді ол АҚШ-тың қайта сайланған президенті 78 жастағы Дональд Трампқа.

Жан Кретьен канадалықтардың "ең қиын географиялық аймақта барлық қиындықтарға қарсы ұлт құрғанын" еске салды. Сондай-ақ Канаданың АҚШ-қа "жоқ" деп айтуға батылдық танытқанын жеткізді.

Бұрынғы премьер-министр Канададағы федералды және провинциялық саясаткерлерді мықты болуға шақырды. 

"Біз бір талапты орындаған кезде, Трамп мырза келесі жолы тағы бір үлкен сұраныспен келетінін білеміз. Бұл дипломатия емес, бұл бопсалау. Бізге осы тұйық шеңберді бұзатын басқа тәсіл қажет", – деді Кретьен.



Еске салайық, Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетіп, Ақ үйге оралған соң Канада мен Мексикадан АҚШ-қа кіретін барлық тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін айтты.

Сонымен қатар ол Канаданың АҚШ-қа қосылу мүмкіндігі барын айтты. Егер Американың құрамына кірсе салықты 60% аз төлейтіні және канадалық бизнес "бірден екі есе өсетінін” мәлімдеді.

Канада билігі Трамптың тарифтерге қатысты мәлімдемесінен кейін солтүстік көршімен қарым-қатынастың АҚШ үшін маңызды екенін айтты.

"Канада мен АҚШ ең жақын қарым-қатынастарға ие. Әсіресе сауда және шекара қауіпсіздігіне қатысты. Канада ортақ шекарамыздың қауіпсіздігі мен тұтастығын басты басымдық ретінде есептейді", – деді Канада үкіметі.

Талқылау