"Саудада да, хоккейде де жеңіске жетеміз": Канадада жаңа сайланған премьер-министр мүлдем АҚШ-тың бір бөлігі болмайтынын мәлімдеді
Канададағы билеуші партияның жаңа жетекшісі болып 59 жастағы бұрынғы орталық банк басшысы Марк Карни сайланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Amber Bracken / Reuters
Партияның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Марк Карни бұрынғы мемлекет басшысы Джастин Трюдо отставкаға кеткеннен кейін елдің жаңа премьер-министрі болатыны айтылды.
"Біз либералдардың жаңа жетекшісі Марк Карниді таныстырамыз!" – делінген партияның хабарламасында.
Партияішілік сайлауда жеңіске жеткеннен кейінгі алғашқы мәлімдемесінде Карни Канада ешқашан АҚШ-тың бір бөлігі болмайтынын айтты. Ол бұл сөзін АҚШ президенті Дональд Трамптың қауіптеріне жауап ретінде айтты.
"Америка – бұл Канада емес және Канада ешқашан, ешқандай түрде немесе пішінде Американың бөлігі болмайды. Бұл дауды біз бастаған жоқпыз… Саудада да, хоккейде де Канада жеңіске жетеді", – деді Карни Оттава мен Вашингтон арасындағы сауда тарифтері бойынша шиеленіске байланысты.
Айта кетейік, Марк Карни дарынды экономист ретінде саналады. Ол 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде Канаданың экономикасын күйреуден сақтап қалды. Осы жетістігі оған кейіннен Ұлыбритания Банкін басқаратын алғашқы шетелде туған адам болуға мүмкіндік берді. Бұл қызметті 2020 жылға дейін атқарып, содан кейін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі және қаржы мәселелері жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Трамп әзілмен Канада елу бірінші штатқа айналуы мүмкін, ал премьер-министр Джастин Трюдо оның губернаторы бола алады деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ сайланған президент Оттава АҚШ-қа келетін мигранттар мен есірткі ағымын азайтпаса, канадалық тауарларға 25 пайыз баж салығын енгізуге уәде берген.