Канада мен Норвегияда да жолаушылар ұшағында төтенше жағдай орын алды (видео)
29 желтоқсанда Канада мен Норвегияда жолаушылар ұшақтарында тағы екі төтенше жағдай орын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Канададағы Галифакс әуежайы Сент-Джонстан шыққан PAL Airlines Air Canada Express 2259 рейсіне қатысты оқиғадан кейін уақытша жабылды. Борттағы барлық жолаушы мен экипаж мүшесі түсіріліп, әуежайдан шығарылды.
Оқиға 29 желтоқсанда таңғы сағат 6:30 шамасында болды, содан кейін әуежай жабылды, шамамен екі сағаттан кейін ұшу-қону жолақтарының бірі жұмысын жалғастырды.
Ведомствоның хабарлауынша, ұшақ ұшу-қону жолағында сырғанап, оның бір бөлігі өртенген. Air Canada өкілі Питер Фицпатрик "қону шассиінде ақау бар" деп күдіктенген.
Ұшақта 73 жолаушы болған екен. Эвакуациядан кейін жолаушылар мен экипаж мүшелері ангарға жеткізіліп, санитарлық тексерістен өтті. 15 шақты адам жеңіл жарақат алған.
Ал Норвегияда Осло-Амстердам рейсінде тағы бір төтенше жағдай орын алды. Ұшқаннан кейін көп ұзамай 176 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған Norwegian Air Boeing 737-800 ұшағының ұшқыштары "гидравликалық қателік" туралы хабарлады. Экипаж ұшу нүктесінен екі сағаттық жерде орналасқан Торп Сандефьорд әуежайына шұғыл қонды.
Ұшқыштар ұшақты қондыруға үлгерген, бірақ ол ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, шөптің үстіне тоқтаған. Ешкім зардап шеккен жоқ, оқиғаның себебі анықталып жатыр.