Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қамқорлық үшін 500 мың теңге": Петропавлда полиция командирі жүргізуші куәлігінен айырылғандарға емін-еркін жүруге мүмкіндік жасаған

Фото: Ашық дереккөздерден

Петропавлда патрульдік полиция батальонының командирі адамдардан пара алып, оларды жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағаны үшін жауапкершіліктен құтқарып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соттың анықтауынша, бұл схема 2025 жылдың қаңтарында іске қосылған. Жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған Андрей Бобков заңмен мәселесін батальон командирі танысы Арман Айтиев арқылы шешкен. Олар алдымен аударыммен 100 мың теңге, кейін тағы 100 мың теңге, ал соңында полиция басқармасының автотұрағында 300 мың теңге қолма-қол ақша берген . Сонда жүргізуші куәлігінсіз тыныш жүру үшін ол 500 мың теңге төлеген.

Полиция командирі бір ғана "клиентпен" шектелмеген. Көктемде оған тағы бір жүргізуші Денис Шилин жүгінген. Ол да жүргізу құқығынан айырылған. Шарт абоненттік төлемге ұқсас болған. Одан командир камқорлық көрсеткені үшін ай сайын 50 мың теңге алып отырған. Егер көлікті тоқтатса, бір ғана қоңырау жеткілікті. Жүргізуші хаттама толтырылмай-ақ кетіп қалған. Ол бұл клиентінен бірнеше айда 250 мың теңге алған.

Үшінші эпизод – Айтиевтің отбасылық танысы Юрий Бегляров. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін құқығынан айырылған ол қымбат көліктермен қалада еркін жүрген. "Жалпы қамқорлық" үшін 80 мың теңге төлеген.



Погондағы шендіні өткен жылдың қарашасында ұстады. Іс тез қаралып, үкім шығарылған.Оған алты жылға бас бостандығынан айыру, полиция подполковнигі атағынан айыру және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салу жазасы тағайындалды. Мемлекет кірісіне 830 мың теңге тәркіленді.

Пара бергендер бостандықта қалды, бірақ жүргізуші куәлігінсіз, әрі оларға 1,2 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды. Сондай-ақ оларға да өмір бойына мемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 19 Қаңтар, 2026 10:10