Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қамқорлық пен кәсібилік – құндылығымыз": Қазақстандағы ірі медициналық компания басшысы кәсіп жүргізудің қыр-сырын бөлісті

Қазақстанда 9 мыңға жуық адам гемодиализ процесіне тәуелді. Бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан жандар үшін бұл процесс ауадай қажет. Бірақ гемодиализ қызметін тек белгілі мекемелер ұсынады. Солардың бірі – 2015 жылы Қазақстан нарығына аяқ басқан Diaverum компаниясы. 10 жылға жуық уақыттың ішінде компания елдің түкпір-түкпірінде емханаларын ашып, науқастарға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді. Компанияны бастапқы кезеңнен басқарып келе жатқан Амантур Рысқұлов сапа деңгейін бірқалыпты ұстап тұру үшін көп тер төгілгенін атап өтті. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында білікті басқарушы өз миссиясы мен кәсібі туралы сыр шертті. 

амантур

Амантур Рысқұлов Diaverum компаниясына Қазақстан бойынша қаржы директоры ретінде қосылған. Көп уақыт өтпей, яғни 2016 жылы Қазақстан бойынша Бас директор лауазымына тағайындалды. Соңғы сегіз жылда Амантур Қаныбекұлының көшбасшылық және басқарудағы қабілеті, өзге тараптармен келіссөздерінің арқасында елімізде Diaverum тұрақты табысқа жетті. 

Ал 2024 жылдың 1 шілдесінен бері Амантур Рысқұлов Diaverum-ның Оңтүстік-шығыс Азия мен Қазақстан бойынша бас директоры қызметіне тағайындалды. 

Шынайы қамқорлық пен кәсібилік – компанияның құндылығы

Бастапқыда Diaverum емханалар желісінде бас-аяғы 70-тей адам жұмыс істеген екен. Ал қазір қызметкерлер саны 1000 адамнан асады. Ал еліміздің түкпір-түкпірінде 54 емхана бар, мұнда 3 мыңнан аса науқас диализ қабылдайды. 

Амантур Қаныбекұлы бұл қызметке кіріскен кезде-ақ өз миссиясын айқындағанын жеткізді. Сөзінше, басты мақсаты – медицинадағы қызмет көрсету мен науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту. 

"Біз диализге тәуелді науқастардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартқымыз келеді. Ал шынайы қамқорлық пен кәсібилік – компаниямыздың құндылығына айналды. Әрине, бүйрек дертіне шалдыққан жандардың бүйрегін біз алмастырып бере алмаймыз. Сондықтан қолымыздан келетін істі – гемодиализ қызметін ұсынуды жоғарғы деңгейге жеткізу үшін тер төгіп келеміз", – деді Амантур Рысқұлов. 

Сапаны бақылауға арналған арнайы жүйе бар

Diaverum Қазақстан компаниясының басшысы сапа деңгейін бақылау үшін арнайы жүйе қолданылатынын айтады. Себебі қызмет сапасын бір қалыпта ұстап тұру да уақыт пен маңдай терін қажет етеді. Мәселен, екі жыл сайын әр емхананың еуропалық стандарттарға сай болуы да тексеріліп отырады екен. 

"Қызмет көрсету сапасы ауызша айтылып, кейін ұмыт болатын дүние емес. Компаниямызда сапаны бақылау үшін 11 пункттен тұратын арнайы жүйе қолданылады. Мұнда қан қысымы, гемоглобин деңгейі, зертханалық сараптама қорытындылары, науқастың көңілі толған-толмағаны туралы деректер және т.б. көрсеткіштер есептеліп, балл бойынша тізбектеледі. Екіншіден, гемодиализ қызметін ұсынуда біз еуропалық, америкалық әріптестердің жұмысын бақылап отырамыз. Сондай-ақ емханаларымызда ем қабылдаушыларға тек "науқас" деп емес, "адам" ретінде қараймыз. Өйткені бізге адамның жан дүниесі де маңызды", – деп түсіндірді ол. 

Компанияның ел аумағында қызмет етіп жатқанына 9 жылдан асса да, басқарушылар құрамы өзгере қоймаған. Кейіпкеріміздің сөзінше, бизнес-процесті басынан қалыптастырып, менеджментті ретке келтіру де оңайға соқпаған. Ал менеджерлер тобын құру үшін нефролог-дәрігерлерді арнайы оқудан өткізіпті. 

"Команда іріктеу – компания қызметінің басты бөлігі. Біз үміткерлерді таңдауда екі нәрсеге баса көңіл бөлдік. Бірінші кезекте өзгелерге қамқорлық танытуға дайын, өз қызметін білетін мамандарды іріктедік. Сәйкесінше үміткерлердің адами қасиеттеріне басымдық бердік. Ал екіншісі – маманның кәсібилігі, тәжірибесі. Компанияда тер төгетін мамандардың біліктілігін арттыру бағытында да жұмыстар атқарылады. Кейбірін шетелге, мысалы Түркияға, Еуропаға білім алуға жібердік. Сондықтан менеджерлер командасы тұрақты әрі кәсіби тұрғыдан білікті деп сеніммен айта аламын", – дейді ол.

Әңгіме арасында Амантур Қаныбекұлы 54 емхананы қажет жабдықпен қамтып, қаржылай қиындықтардың алдын алу үшін дұрыс жоспар құрудың маңызды екенін жеткізді. 

"Қаржылық тұрақтылық – кез келген кәсіптегі маңызды бөлімдердің бірі. Сондықтан тұрақтылық болуы үшін алдымен дұрыс құрылған жоспар керек. Одан кейін жоспардың орындалуын бақылаймыз. Мұның барлығы сайып келгенде ұйымдастыру жұмыстарына келіп тіреледі", – деп түсіндірді компания директоры. 


Қазақстанда гемодиализ қызметін ұсынатын Diaverum компаниясы туралы білесіз бе


Diaverum – цифрлық емхана ашқан Орталық Азиядағы алғашқы компания

Diaverum Қазақстан аумағында алғашқы цифрлық емхана ашқан компания атанды. Цифрлық емхана жұмысы сәтті болған соң өзге де емханаларды сандық форматқа ауыстыру қолға алынған. Осылайша гемодиализ процесін қабылдайтын науқастар ұялы телефоны арқылы денсаулығы жайды толыққанды мәлімет алады. 

"Жалпы денсаулық сақтау саласында қағазбастылық өте көп. Бұл олқылықты жою үшін емханаларды цифрлық форматқа ауыстырдық. Қазір науқастар жайлы мәліметтер компьютерге енгізіледі, керек мәліметтер мемлекеттік органдарға жіберіледі. Мұндай жаңашылдықты Орталық Азия мен Кавказда алғаш біз енгіздік", – деді Амантур Рысқұлов. 

Diaverum қазір нарықтағы өзге компанияларға қажет материалдар мен дәрі-дәрмек жеткізумен де шұғылданады. Сондай-ақ Қырғызстанға жасанды бүйрек аппаратын жеткізу мәселесі де қолға алынған. 

Компания директорының айтуынша, кейінгі уақытта Қазақстанда бүйрек дертіне шалдыққандар саны артқан. Себебі елде нефрология бағытында дұрыс жұмыс атқарылмайды деп топшылады ол. 

"Гемодиализге тәуелді науқастардың орташа өмір сүру жасы ұзарды. Әрине, бұған Diaverum компаниясының қосқан үлесі орасан зор. Өйткені бұрындары гемодиализ орталықтары ірі қалаларда ғана болса, қазір мұндай емханаларды елді мекендерде, кенттерде де аштық. Әйткенмен елімізде диализ сапасы жақсарғанымен, бүйрек дертіне шалдыққандар көп. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігіне нефрология саласына өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар жолдаймыз. Өзге елдердің тәжірибесін де бөлісеміз", – дейді компания басшысы.

Амантур Қаныбекұлы – бүгінде елдегі диализ қызметін ұсынушылар бірлестігінің төрағасы. Бірлестік мүшелері елдегі денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлесін қосып қоймай, мемлекеттік орган алдында диализ қызметін ұсынушылардың қызығушылығын қорғайды. 

Компания басшысы сөз соңында мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді. Алдағы уақытта Амантур Рысқұлов Қазақстанда көпсалалы емханалар желісін ашуды ойға алған. 

Еске салайық, бұған дейін бүйрек қызметінің бұзылуы мен гемодиализ процесі туралы жазған едік. Бүйректің созылмалы ауруының алғашқы белгілері өзге аурулардың симптомдарына ұқсайды. Мәселен, адамның тәбеті жоғалып, жалпы әлсіздік пайда болады. Кейін бас ауырып, жүрек айнуы мүмкін. Уақыт өте науқас салмақ жоғалта бастайды. 

Талқылау