Қалыңдық қалың малға 1 млн қимай беріп, 20 миллионның затын иесімен алатын жігіті жайлы айтты (фото)
Өзге өңiрлер секiлдi той жасауда да Қызылорданың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Әсiрасе, жастардың үйлену тойында жасалатын салт-дәстүрлердегi өзгешелiктер анық байқалады.
Көрнекі сурет
Сыр елiнде қызға берiлетiн қалың мал бағасы жыл сайын қымбаттап келедi,-деп жазды Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі.
Көпшiлiк пiкiрiне сүйенсек, қалың пұл 5-6 жыл бұрын 250-300 мың теңге болатын болса, бүгiнде 500 мың теңгеден кем емес. Егер де жiгiт ауқатты отбасынан болатын болса, бұл сомма қымбаттай түседi. Себебі жаңа құдалардың «жағдайын» қыздың ағайындары осы бір қалың малдың құны арқылы пайымдай береді.
Аталмыш тақырып аясында кеңiрек сөйлесу үшiн Қызылорда қаласының тұрғыны Әсеммен сұхбаттасқан болатынбыз. Бойжеткен күзде ұзатылады. Бүгiнде тойға әзiрленуде.
“Жақында жiгiтiмнiң анасы мен жеңгесi құлағыма сырға салып кеттi. Тойды қазан айына жоспарлап отырмыз. Қазір тойға дайындықты бастап жатырмыз. Ата-анам бiрден дүниемдi бергiлерi келiп отыр”,- дейдi бойжеткен.
Сол себептен де қазiр Әсемнiң жақындары көрпе-төсек тiгіп жатыр. Арнайы құрақ көрпешелерге тапсырыс бермек. Тойға санаулы күн қалғанда жiгiттiң үйiне жатын бөлмеге арналған жиһаздар жеткізіледі. Мұнан бөлек асхана жабдықтары мен ыдыс-аяқты Қытай елiнен алынады.
Болашақ қалындықтың қалың мал бағасы – 1 миллион теңге болып белгiленген.
” Менiң өзiмнiң пәтерiм бар. Дөңгелетiп отырған кiшiгiрiм кәсiбiмдi тағы қосыңыздар. Жоғары бiлiмдiмiн. Сол себептi ата-анам қалың мал мөлшерiн осылай есептедi”, – дейдi Әсем.
Әдетте, үйлену кезiнде жiгiттің туыстары көп шығындалады деген пайым бар. Әсем бұл пiкiрмен келiспейтiнiн айтады.
“Мәселен, болашақ құдаларға киiт беремiз. Бұрыңғыдай қазiр ешкiм тауар немесе орамал тарту етпейдi. 11 адамға алтыннан жасалған әшекей сыйлаймыз. Барлығының өлшемiн алдын-ала бiлiп алдық. Соған сәйкес болу қажет. Оған кем дегенде 500 мың теңгеден көп қаражат кетедi. Мен әлi киiм-кешегiмдi алған жоқпын. Барған жерiң меңсiнбей қарамауы үшiн сапалы әрi қымбатын алу керек”, – дейдi жас қалыңдық.
Әсем мейрамханадан емес өзiнiң қара шаңырағынан ұзатылуды жоспарлап отыр. Бұл ретте баспананы күрделi жөндеуден өткiзу қажеттiлiгi туындайды. Салтанатты шара уйде өтетiндiктен отбасы бiршама қаражатты үнемдеудi көздеп отыр. Соның өзiнде той жасауға iрi қара мал сойылады. Қалай дегенмен де той жасау – оңай шаруа емес.
Алайда екi жастың бақыты үшiн жасалатын салтанатты жиын бір күнде өтіп кеткенімен, есте қаларлықтай болғаны ләзім дейді көпшілік. Одан қалса жаңа жекжаттар осы жиындағы көрсеткен құрметтерімен мың жылдық құдалардың есінде мәңгі қалатыны тағы бар. Сол үшін де қыздың болсын, ұлдың болсын туыстары барынша жоғары деңгейде өткізуге тырысатыны түсінікті.
Осы орайда, қыздың жаңа үйіне өзімен алып баратын заттарының тізімін жасап көрдік.
Жатын бөлме жиһазы, ол жерге екі адамдық төсек, киім жинайтын үлкен шкаф. Қасында үлкен айнасы мен кішкентай шкафтары бар. Орта есеппен -350 000
Жатын бөлме төсеніші (кілем)-30 000
Перде-20 000
Люстра-10 000
Құрақ көрпелер (жастық, жамылғы…) – 200 000
Телевизор- 100 000
Ас үй жихазы-20 000
Газ- 70 000
Тоңазытқыш-150 000
Ыдыс жуатын машина-70 000
Кір жуатын машина- 70 000
Ыдыстар (бірнеше түрін таңдап алу керек)- 200 000
Қыздың алтын бұйымдары (сақина,алқа, білезік)- 300 000
Жаңа киімдер (етік, былғары сөмке, ішік т.б)- 500 000
Бұл тізім әрине орташа есеппен алынған жасаудың тізімі. Қалталылар мен қызына барын жинаған ата-аналар бұл тізімді бірнеше есеге өсіреді. Әр отбасының тұрмысқа шығатын қызы үйдегі қаржылай жағдайға қарай, жоқ дегенде осы заттарды өзімен алып барғысы келеді.
«Сондықтан әсіресе қалың пұлдың құнына келгенде дау шығаратын адамдарды түсінбеймін. Менің университетте бірге оқыған солтүстік, батыстың қазақтары «Қалың алып қыз сататын оңтүстіктің халқы қызық» деп айтып жатады. Мен бұндай сынға ренжіңкіреп қалатынмын. Енді міне өзім ұзатылатын кезде бәрін түсініп жатырмын.
Жасау мен қалың мал екі жақтағы ата-аналардың ортақ балаларын үй болып кетуіне демеп жіберу деп түсінемін. Қазір ажырасу көп дейді. Сүйіп қосылған жастар жоқшылықтан ажырасады. Ал ата-анасы қажетіне демеп жіберсе, жас отбасында аз да болса ұрыс-керіс болмайды деп түсінемін»,-дейді болашақ келін.
Оқи отырыңыз:
15 жастағы үнді баласы басын 180 градусқа бұра алады (видео)
Алматылық тұрғын өзін қаққан көліктің жүргізушісіне іздеу салады
Түрік жігіті үшін төбелескен қыздар жұрттың ашуын келтірді (видео)
Өлі күйінде табылған 10 жасар Ришат Харикоглуға қатысты жаңа дерек пайда болды