Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалдықтарды сақтап, қайтадан балаларға береді": Ақмола облысында ауыл мектебіндегі асхана аспазы тамақтардың сапасын сынады (видео)

Ақмола облысы Зеренді ауылындағы №1 орта мектептің асханасына қатысты дау шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі info_kokshe Instagram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Бұрын сол мектепте аспаз боп жұмыс істеген Меруерт Құлағнанова асханадағы былықтарды айтты. Аспаз өткен жылдың қыркүйегінен сәуір айына дейін аспаз болып жұмыс істепті.

Айтуынша, оған тамақ қалдықтарын мұздатқышта сақтап, екінші ауысымдағы балаларға соны берсін деп нұсқау берген. Әрі асхананы жалға алғандар стафилококк табылғанын жасыру үшін жалған анықтама жасатты дейді.

Аспаздар стақандағы қалған сүтті шелекке құйып, оны екінші ауысымдағыларға берген, сүтке су араластырған көрінеді. Оларға 5 литр сүтке 10 литр су қоссын деп нұсқаған екен.

“300 балаға 20 қорап сүт әкеледі. Бірінші ауысымнан қалған котлеттерді жинап, екінші ауысымның балаларына берді. Олар ИП Гришиннің ең арзан фаршынан 10 келі әкеледі де, нан мен жарма қосып, барлығына жеткізсін дейді. Кіші сыныптың балаларына берілетін котлет 80 грамм, ал жоғары сыныптар үшін 120 грамм болуы керек. Бірақ оларға 70 грамм берілді”, – дейді Құлағнанова.

Айтуынша, мәзірде шырын берілуі керек деп тұрады. Бірақ оның орнына қара шай немесе компот қайнатсын дейді екен.

“Йогурттың орнына айран әкеліп, қант пен су қосып, 50-60 граммнан береді. Негізі әр балаға 200 грамм берілуге тиіс. Котлеттерді тоңазытқышта қатырады да, бір аптадан кейін балаларға береді, пісірілген тағамдар, палауды да мұздатады”, – дейді Зеренді тұрғыны.

Ол жағдайды прокуратураға хабарлағанымен, ешқандай шара қолданбаған.Тексеріс жабылып қалыпты

Сондай-ақ кәсіпкер аспазға жалақысын төлемеген, зейнетақысы да есепшотына түспеген.

Зеренді №1 мектебі жағдайға түсініктеме беріп, бұл айыптауларды жоққа шығарды.

“СЭС қызметкерлері, қамқоршылық кеңесі және ата-аналар тарапынан асхананы тексеру барысында ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ. Әлі де аз қамтылған отбасы балаларының тамағы да бақылауда. Өнімдер қатаң түрде бақылаудан өтеді, тұрақты тексерулер стандарттарға сәйкестігін растайды.

Асханада балалардың қажеттіліктері ескеріліп, ыстық тамақ беріледі. Дұрыс тамақтанбады деген айыптаулар негізсіз”, – деп мәлімдеді мектеп әкімшілігі.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында ауыл мектебіндегі асханадан тамақ ішкен балалар инфекция жұқтырғаны айтылған еді.

Талқылау