"Қалдықтар су қоймасына құйылады": Ұлытау облысы әкімінің орынбасары індет таралу қаупі туралы айтты
Фото: freepik.com
Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров мәжілістегі "Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер" тақырыбындағы үкімет сағатында өңірде қордаланған мәселелер жөнінде баяндама жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баяндамасында Жәнібек Нөпіров халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесіне тоқталып өтті.
"Жезқазған қаласындағы су тазарту құрылғылары 1966 жылы жүргізілген, оның 90%-ының тозығы жеткен. Суды тұтыну ашық су қоймасынан жүргізіледі. Әлеуметтік желілерде краннан ағатын лай суды баршаңыз көрген боларсыздар. Қазір жерасты су көздерін тарту бойынша "Айдос" су-кен орындарында жерді бұрғылау жұмыстары басталып кеткенін атап өткім келеді. Кәріз тазарту құрылғыларының Жезқазғанда 75%-ының тозығы жетсе, Сәтбаевта 90%-ы тозған. Ол қалдықтардың қайтадан ел ішетін су қоймасына құйылатынын жоққа шығара алмаймыз. Бұдан бөлек биылғы көктемде 16 800 киіктің қырылуы тіркелді. Оның бір бөлігі су алу аймағында болды. Бұл – індет таралу қаупін тудыратын жағдай", – деп атап өтті Ұлытау әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, әдістеме халық саны мен климатты ескергенімен, санитарлық-эпидемиологиялық қатерлер мен төтенше экологиялық жағдайларды қамтымайды.
Еске салсақ, 2025 жылғы 2 мамырда мәжілістегі үкімет сағатында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі бірқатар әлеуметтік бағдарламаның күшін жою жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Олардың арасында "Ауыл – ел бесігі", "Қалалардың шет аймақтарын дамыту" бағдарламалары да бар.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
