Қала сыртындағы молаға апарып ұрып-соққан: Атыраулық блогердің оқиғасына байланысты сот басталды
Фото: Кұралай Болатова парақшасынан скрин
Атырауда бір ай бұрын өзіне екі қыз шабуыл жасап, қала сыртына күштеп алып кеткенін мәлімдеген блогер Құралай Болатованың ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құралай Болатованың айтуынша, 3 қазан кешінде екі қыз оны "сөйлесу керек" деген сылтаумен кафеден шығарып, көлікке отырғызып, қалалық зиратқа апарған. Сол жерде оны соққыға жыққан және қорлаған.
"Мені алдап, алып кетіп, ұрып-соқты. Мұны назарсыз қалдыра алмаймын. Кінәлілер жазалануы керек. Неліктен қылмыстық іс тек 108-баппен ғана қозғалды? Мені күштеп көлікке отырғызып, адам жоқ жерге алып кетті. Неге бұл адам ұрлау ретінде қарастырылмайды? Заң бәріне бірдей болуы тиіс", – деген еді ол бұған дейін.
Алайда оқиғаға қарамастан, қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 108-бабы "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бойынша ғана тіркелген.
Жәбірленушінің айтуынша, жанжал ол қыздар арқылы сатып алып, өз парақшасында жарнамалаған туристік турдың іске аспауынан басталған. Тур өтпеген соң, Құралай 100 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Осыдан кейін қыздар жағдайды "осылайша шешкісі келгенін" айтады.
Бүгін сотта оқиғаның жай-жапсары, тараптардың түсініктемелері және күдіктілердің іс-әрекетінің құқықтық бағасы қаралуда. Болатова мен оның өкілдері жәбірленушіні күшпен алып кету және зорлық көрсету фактілеріне сүйене отырып, істі ауыр бапқа ауыстыруды талап етуде.
Айта кетейік, бұған дейін Құралай өзін ұрлап әкетіп, ұрып-соққанын мәлімдеп, молаға апарып ұрып-соққанын айтқан еді.
"Аппақ дәлізбен жүріп өтіп, жындарды көрдім": Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты