"Қала қоқыс үйіндісіне айналды": Қазақстандықтар 8 наурыздан соң гүлдерді қайта сатқандар мен қоқысқа тастағандарға шағымданды

8 наурыз мерекесінен кейін желіде қоқысқа тасталған және сатылмаған гүлдердің фотолары тарады. Қызғалдақ сатып, мерекеде кәсіп жасағандардан соң қалған қоқыс тағы бар. Табиғат жанашырлары мерекеден соң мегаполис қоқысқа толып қалатынын айтып, дабыл қағып жатыр. Қазақстандықтар 8 наурыздан кейінгі гүлдер мен олардың қаптамасынан пайда болған қоқысқа шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қала қоқысқа толды"
Қазақстандық эколог Евгений Мұхамеджанов Алматыда 8 наурыз мерекесінен соң көп қоқыс қалатынына шағымданды.
"8 наурыздың таудай қоқысқа айналып бара жатқаны көңілімді түсіреді. Біразы мерекеде ақша тапқысы келетіні түсінікті. Адамдар қызғалдақтарды 100 теңгеден алып жатыр, кейбірі 300 теңгеден алып, алданған. Тағы бірі 900 теңгеден сатуға тырысады. Нәтижесінде көп гүл сатылмай қалады", – деп пікір білдірді ол желіде.
Ал экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет келер жылы феминистерге "экология үшін" деп маршқа шығуды ұсынды.
"Келесі жылы Қазақстандағы феминистерге "экология!" деген ұранмен маршқа шығуды ұсынамын. 8 наурыздан кейін көп сыйлықтар, гүлдер, торттар және гүлдердің қаптамалары қоқысқа тасталады. Ал олар іс жүзінде қайта өңдеуге келмейді. Ал гүлдер адамдарға қуаныш сыйлағанынан басқа экологияға ешқандай пайда әкелмейді. Тонналап су жұмсалады, топырақ химикаттармен уландырылады, жылыжайларда электр энергиясы көп шығындалады және логистикалық көліктерден шығатын қалдықтар да бар. Көбіне ысырап болып жатады", – деп пікір білдірді ол.

"Түбінде пайданы тек әкімдік көрді"
Экологтардың бұл пікіріне көпшілік те қосылды. Қазақстандықтардың айтуынша, 8 наурыз мерекесінде біразы гүл сатып, пайда тапқысы келеді. Бірақ соңында пайданы сатушыларға орын берген әкімдік қана табады.
"Бұған қатысты не істеу керек екені түсініксіз. Соңында бәрі ұтылады. Тек бүкіл қалаға осындай шатырлар қоюға рұқсат берген қала әкімдігі ғана пайда тауып отыр. Әрі сатушылар үлкен партиямен әкелген. Ал фермерлер болса, өздері өсірген гүлдерін тыныш әрі арзан бағамен, өздерінің тұрақты клиенттеріне сатып үлгерді. Тез ақша тапқысы келгендер сата алмады, өйткені бұл іс олай жұмыс істемейді. Бірақ адамдар мұны түсінгісі келмесе, онда мейлі, болашақта өздеріне сабақ болсын", – деді қазақстандық.
Желіде гүл сатушылардан қалған, үйілген қоқыстың да видеосы тарады. Видео түнде түсірілген. Онда көше бойында шатыр тігіп, сауда жасағандар мереке соңында бәрін шашып, қайта жинап жатқаны көрінеді.
"Гүл "осылай істеу керек" болғандықтан ғана сыйланады"
Ал кейбірі гүлдер романтиканың белгісі емес, жай ғана тұтынушылыққа ұласып кетті дейді.
"Мәселе сұраныста. Ал мұндағы проблема – гүлдер шынайы көңілден емес, таптаурыннан, "осылай істеу керек" болғандықтан ғана алынады. Гүлдердің қадірі кетіп барады".
"Ер адам отын көтергендей бір құшақ қызғалдақты көтеріп келеді. Көлігінің жүксалғышына салып жатыр. Кемінде 50 дана, әрқайсысы целлофанға оралған. Көрініп тұр, ұжымды құттықтау керек. Ешқандай романтика жоқ".
"Қыздарға да мұндай гүлдер аса бір мән білдірмейтін сияқты: жай ғана көпшілік үшін, екі күннен кейін қоқысқа кетеді. Ешқандай гербарий жоқ, сыйлаған адамның аты да есте қалмайды, ешқандай сезім де, эмоция да жоқ. Тек осы көрсетілімге кеткен ақшаға ғана обал", – деп пікір білдірді олар.

Сыйланған гүлдер қайта сатылды
Дегенмен, жылда мереке кезінде сыйланған гүлдер қайта сатылып жатады. Бұл жолы да аса өзгеріс болмады. Букет-букет гүл алған қыздар мереке бітпей, оларды түрлі сайтқа салып, сатып жіберді.
Гүл алған қыз-келіншектер хабарландыру сайттарына гүлдерін фотоға түсіріп салып, нарықтағы бағадан арзанырақ сатып жібереді. Олар мұны "маған гүл емес, ақша керек болып тұр" деп түсіндіреді.

Мерекеде қоқыс пен ысырап болмас үшін не істеу керек?
"Гүлдерге иә, ал қоқысқа жоқ дейміз"
Recycle birge экологиялық қозғалысының өкілдері 8 наурызда қоқысты көбейтпеу жолдарын айтты. Мамандардың сөзінше, бүгінгі гүл букеттері тек гүлден емес, қоқыстан тұрады. Гүлдің қаптамасы мен лентасы қайта өңделмейді.
"Әр букет гүлден ғана емес, бір келі қоқыстан да тұрады. Пластик қаптама, лента, скотч – мұның бәрі гүлден де ұзақ өмір сүреді және әдетте қоқыс полигонына жөнелтіледі. Сондықтан гүлді қаптамасыз, лентасыз, орамсыз сатып алыңыз. Мереке тез өтіп кетеді, ал қоқысы қалады. Бірақ біз бұл тұйық шеңберді тоқтата аламыз. Ол үшін:
Бір күннен артық пайдалы болатын сыйлық таңдауға болады. Үй гүлі, түрлі хоббиге сертификат, үнемі қолдануға болатын күтім заттары және шабыт сыйлайтын сәттер. Есесіне сыйлықтың қоқысы аз, ал құндылығы көбірек болады.
Бір рет қана қолданылатын заттардан бас тартқан жөн. Шарлар, ашықхаттар мен шағын сувенирлер мерекеден соң қоқысқа тасталады. Ал мерекені саналы түрде тойлау – ешқашан сәннен қалмайтын тренд", – дейді Recycle birge экологиялық қозғалысының өкілдері.
“Дала гүлдерін немесе бақшада өскен гүлдерді алуға тырысамын”
Ал экоблогер Базарбек Қамысбаев қаптамаға оралмаған әрі дала немесе үйдің гүлдерін сатып алуды ұсынды. Сонда гүлдің қоршаған ортада қалатын қалдығы жа аз болады дейді.
"Гүлдің өзі, оны сыйлаған жақсы ғой. Бірақ оның экологиялық салдарын да ойлау керек. Мысалы, гүлді барынша қаптамасыз берген дұрыс. Өздеріңіз де байқайтын шығарсыздар, қаптамасыз гүл әдемі көрінеді. Ол болмаса қарапайым қайта өңделетін қағазға орап беруді ұсынамын. Қыста, күн суық кезде дала гүлдерін, қарапайым әрі ерекше гүлдерді табу қиынға соғуы мүмкін. Бірақ көктем шығып, жаз болғанда қаланың белгілі бір жерлерінде ғана үлкен апалар сататын дала немесе бақшада өскен гүлдерді алуға тырысамын. Бұл гүлдер маусымға байланысты өзгеріп отырады әрі олар жаңа өскен, химиямен өңделмеген. Олар қаптамасыз сатылады және үнемі арзан. Өзімнің жұбайымды осындай гүлдермен қуантуға тырысамын", – деп кеңес берді Базарбек Қамысбаев.
8 наурыз сияқты мерекелерде қоқысты қалай азайта аламыз?
- Мереке иесінен не қалайтынын сұрау және сұранысына қарай сыйлық алу
- Гүлді қаптамасыз сатып алу. Қаптамасыз гүл табылмаса, қағазға оралғанын алу. Жай ғана лентаға орауға болады.
- Бір рет қана қолданылатын заттардан бас тарту. Мысалы, шар, ашықхат, жылтырақтар, қаптама, сыйлықтың сөмкесі мен пакеті.
- Дала гүлдерін немесе үйдегі бақшада өсірілген гүлдерді сатып алу. Оларды жөнелтуге және ұзақ сақтауға химиялық қоспалар қосылмайды.
- Бұйым емес, құндылық, шабыт сыйлау. Мұндайда сыйлық сертификаттары көмектеседі. Жақын адамыңыз болса, оған түрлі тосынсый жасауға болады.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған