Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қала әкімі ескі көліктерден Алматыға кіру үшін ақы алу бастамасы жайлы маңызды мәлімдеме жасады

 

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ескі көліктерден қалаға кіру үшін ақы алу туралы бастама жайлы айтты. Оның сөзінше, аталған мәселе әлі қарастырылып жатыр және қоғамдық көліктерді көбейтпей, күшіне енбейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистермен өткен брифинг барысында одан экологиялық талаптарға сай келмейтін автокөлік иелерінен мегаполиске кіру үшін ақы алу бастамасына қатысты сұрақ қойылды. Бұл ұсыныс қоғамда түрлі пікірталас тудырған.

Сұраққа жауап берген Дархан Сатыбалды қоғамдық көлік мәселесі толық шешілмейінше, жаңа бастамалар енгізілмейтінін атап өтті.

"Егер қазір жеке автокөліктердің қозғалысын шектеп, оның орнына балама қоғамдық көлік ұсынбасақ, онда шынымен де коллапс болады", – деді қала әкімі.

Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда Алматы тұрғындарының тек 35 пайызы ғана қоғамдық көлікті пайдаланады.

"Біздің мақсатымыз – 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізу. Осыған байланысты қоғамдық көлікті дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр: БРТ, ЛРТ жобалары, метро желісін кеңейту", – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, қала басшысы Алматыда бірнеше жаңа автопарк салу жоспарланып отырғанын, олардың үшеуі биылғы жазда пайдалануға берілетінін айтты.

"Құрылыс инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізілуде. Кейін біз оларды өзіндік құны бойынша мемлекет меншігіне сатып аламыз. Осылайша, қаланы автобустармен толық қамтамасыз ету мәселесі шешіледі", – деді әкім.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, жаңа автопарктер қаланың әртүрлі аудандарында орналасады, тек қазіргі автопарктер шоғырланған Түрксіб ауданымен шектелмейді.

"Қазір теңгерім жасап жатырмыз, автопарктерді қайта орналастырудамыз. Наурызбай ауданында, Алатау ауданында ашамыз. Қаланың шығыс бөлігінде жанармай құю бекеттерімен бірге қосымша автопарктер саламыз", – деді ол.

Әкімнің дерегінше, қоғамдық көлікті дамыту жолдарды жеңілдетіп қана қоймай, қаладағы экологиялық жағдайды да жақсартады.

"Көлік әрдайым экологиямен тығыз байланысты. Ластанудың 60 пайызы көліктен келеді, ал соның 80–84 пайызы “Евро-0” санатындағы автокөліктерге тиесілі. Ондай көліктердің саны – 172 мың. Соның шамамен 70 мыңы – қала ішінде тіркелген, ал 100 мыңы аймақтардан қатынайды", – деп түйіндеді қала әкімі.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 18:22