Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қақпашының ерекше көзге түсуі құраманың әлсіздігін білдіреді" - Комментатор Бегасыл Сейітхан

Фото: “Қайрат” фк

Соңғы уақытта отандық футболда қақпашылардың ойыны ерекше көзге түсіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Осы тұста Stan.kz тілшісі қақпашылардың ойынына қатысты спорт сарапшыларының пікірін білген еді.

Алайда спорт комментаторы Бегасыл Сейітханның пікірінше, қақпашылардың жиі көзге түсуі – құраманың қорғаныс шебінің әлсіздігін білдіреді. Сонымен қатар ол Шерхан Қалмұрзаның ойынына аса бір көңілі толмайтынын, “Қайрат” академиясында одан өзге де талантты қақпашылар көп екенін айтуда.

1. Соңғы уақытта қазақстандық қақпашылардың ойыны ерекше көзге түсіп жүр. Сіздің ойыңызша, қазір ел футболында ең үздік бес қақпашы кімдер?

- Иә қақпашылардың көзге түскені, әрине, жақсы шығар. Бірақ мен мұны жақсы белгі деп ойламаймын. Себебі бұл ойынның әлсіздігін білдіреді. Өзім Қазақстан Премьер-лигасының бірінші және екінші лигасын жүргізіп жүрмін. Қақпашыға соққы жиі бағытталса, бұл ойында тепе-теңдік жоқ, яғни команданың қорғаныс шебі өте әлсіз деген сөз.

Топ бес қақпашы туралы айтсақ, Темірлан Анарбековті атап өтуге болады. Алайда нақты орындарға бөліп айту қиын. Әр қақпашының өз жарқырайтын кезеңі болады. Мысалы, Александр Заруцкий жарақат алғанға дейін өте жақсы ойнады. Сондай-ақ Мұхамеджан Сейсен мен Бекхан Шайзада жақсы қақпашы.

Сонымен қатар "Елімай" командасының қақпашысы Максим Коваль мен "Тобылдың" қақпашысы да сенімді ойын көрсетіп жүр. Басқа қақпашыларды мықты деу қиын, себебі кейбіреулері 30 гол өткізіп алған. Мысалы, "Астана" командасының өзі қақпасына 30 гол жіберген. Сондықтан үздік бес қақпашыны нақты атау оңай емес. Дегенмен бұл тізімге "Жеңіс" командасының қақпашысын да қосуға болады.

2.  “Қайрат” қақпашыларының ерекше көзге түсуі – “Чемпиондар лигасындағы” ойындарының әсері ме, әлде бұл алматылық клубтың академиясының жемісі ме?


- Иә, әрине, бұған УЕФА Чемпиондар лигасының әсері зор. Бірақ мен футболды бұрыннан бері қарап жүрген адам ретінде Анарбековтың "Жеңіс" сапындағы ойынын жақсы білемін. Ол Қазақстанның U-21 құрамасында да керемет ойын өрнегін көрсеткен. Темірлан Анарбеков — "Қайрат" академиясының түлегі. Дегенмен ол бұрыннан-ақ жоғары деңгейдегі қақпашы болып саналады.

Ол тек "Селтикке" қарсы ойында ғана пенальти қайтарған жоқ. Темірлан бұған дейін де талай ойында пенальтиді сәтті тойтарған. Бірақ ол кездері TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілер қазіргідей дамымаған еді. Шынын айту керек, сол уақытта халық футболға қазіргідей қатты қызыққан жоқ. Санаулы ғана жанкүйерлер болды. Ал қазір бәрі футболға ерекше ықыласпен қарайды. Сол себепті көпшілік сол бір жарқын сәттерді ғана естерінде сақтап қалған шығар.

"Қайраттың" негізгі қақпашысы Заруцкий де маусымды өте жоғары деңгейде өткізді, тек кейін жарақат алып қалды. Дәл сол себепті Анарбеков негізгі құрамға шыққан еді. Кейін Анарбеков жарақат алған соң, оның орнына Шерхан Қалмұрза шықты. Бірақ Шерхан Қалмұрза ондай бір керемет қақпашы емес. Өз басым "Қайрат" жастарының ойынында жүргіземін. Маусым басында Шерхан Қалмұрза ойындарына куә болдым. Ондай бір қақпаға керемет тұратын қақпашы емес негізі. 

Дегенмен оның бойында потенциал бар. Шын мәнінде, кез келген адамның өз әлеуеті болады, ешкімге "сенде потенциал жоқ" деп айтуға болмайды. Бұл жерде жастың рөлі зор. Сондықтан ешкім ештеңе айта алмайды. Ертең ол да Димаш Құдайберген секілді жарқ етіп шығуы әбден мүмкін. 
Жалпы, алматылық "Қайраттың" академиясы ТМД бойынша өте мықты академия саналады. Ресейде Краснодар академиясы жақсы. Дегенмен, "Қайрат" кейде "Краснодардан" да асып түседі. Академия жастардың тәртібіне қатал қарайды. Тіпті шылым шеккен спортшыны клубтан шығарып жібереді. Онда аға-көке шешпейді. Кейбір адамдар "байдың балалары ойнайды" деп айтады, бірақ бұл ақпарат жалған. Мен өзім сол жерде болғанмын, футболшы болдым, ішкі жағдайдан хабардармын. "Қайраттың" академиясына түсу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Академияға түсу шетелге оқуға түсумен тең. "Қайраттың" академиясы туралы алып-қашпа әңгіме жүргізуге мүлде болмайды.


3. Осы тұста “Қайраттың” негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ па?


- Александр Заруцкийдің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Футбол сарапшылары Александр Заруцкийдің еңбегін жоғары бағалайды. Ал "Қайрат" Чемпиондар лигасына шыққаннан кейін ғана жанкүйер бола бастаған адамнан Заруцкийдің еңбегі туралы баға сұрау қате деп ойлаймын. Ондай адамның ешқайсысы Александрдың еңбегіне әсерін тигізбеу керек. Ол маусым бойы тер төгіп, қаншама қиын сәттерде құраманы құтқарды. Жалпы адам мақтау мен күйбеңге салынбау керек. Біз маусымды жыл сайын көреміз. Сол себепті Заруцкийдің еңбегі еленбей қалды деуге келмейді. Әрине көлік бермеген шығар. Оған бола ренжудің қажеті жоқ. Оның жалақысы жаман емес.  Бірақ әріптестерімнің айтуы бойынша ол самокатпен жүреді. Өз басым көрген жоқпын. Енді оның жалақысы жаман емес, кім біледі тапқан таянғанын қайда жұмсайтынын.

4. Қазақстанда “Қайраттың” қақпашыларынан бөлек бет алысы оң, болашағы зор қақпашылар бар ма?

- Неше түрлі талантты қақпашы бар. Ол үшін екінші, бірінші QJ лиганы көру қажет. "Ақтөбе" жастарының қақпашысыныңда болашағы зор. Сол қақпашы негізі құрамада ойнаса екен деген тілегім бар. Дейтұрғанмен мен "Ақтөбенің" жанкүйері емеспін. Болашағы зор қақпашылар "Ақтөбе" түлегі - Құсайынов Саятхан, "Қайрат" академиясы - Диас Реиймов , Данила Буч , Ельдар Меңдіғалиев
"Жеңіс" - Тамерлан Абуов.

5.  ⁠18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрзаны “Реал Мадридке” қарсы ойыннан кейін барлығы мақтап жатыр ғой. Дегенмен бес гол өткізіп алғанын ескерсек, бұл қаншалықты орынды? Расымен болашағы зор қақпашы деп айтуға негіз бар ма?


- Жоғары да айтып өткенімдей көбі Шерхан Қалмұрзаны сынауға қорқады. Кейін мықты болып кетсе бәрі "қап" деп қаламын деген сияқты. Бір жағы өздерінің ойларына аса бір сенімді емес мамандардың жауабы негізі. Ол "Қайрат" академиясындағы аса бір мықты қақпашы емес. Мықтылар өте көп. Мадияр Төлеубек, Дияс Реиймов бәсеке бұл жерде жоғары. Бірақ Шерхан ондай да бір нашар қақпашы дегенім емес, дегенмен потенциал тұрғыда өсуі, қарқыны жылдамырақ болу керек. Бірінші кезекте бүкіл назар, танымалдық оған кері әсерін тигізбеу қажет. Жалпы бес гол өткізу деген дұрыс емес. Бірақ ойлаймын "Реал Мадридке" қарсы ойында Темірлан Анарбеков болғанда аз гол өткізетін едік деп. Шерхан Қалмұрзаның болашағы зор деп айтуға негіз бар. Себебі жасы небәрі он сегізде екенін ескерсек. Бұған қоса бойы ұзын, қолы ұзын жақсы қозғалады. Бұл менің қақпашыға қатысты эксперт ретінде айтып отырған пікірім.

Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы:Ақерке Өмірхан

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 12:37
Талқылау